Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Салаға өзгеріс енгізуді тоқтатсын!": Ақтөбелік фермерлер ұлттық жобаға қарсы наразылыққа шықты

Жиналғандар министр Ербол Қарашөкеевті Ақтөбеге, шаруалардың жағдайын өз көзімен көруге, жүзбе-жүз сөйлесуге  шақырады.  

"Салаға өзгеріс енгізуді тоқтатсын!": Ақтөбелік фермерлер ұлттық жобаға қарсы наразылыққа шықты
фото: видеодан скриншот

Ақтөбеде Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстарынан келген жүзге жуық шаруа наразылыққа шықты. Олар ауыл шаруашылығы министрлігінің жақында ғана талқыламай қабылдаған ұлттық жобасына түбегейлі қарсы деп хабарлайды Paryz.kz, 31-телеарнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Бір емес, 24 талап алып келген шаруалар Қасым-Жомарт Тоқаевтан екі жыл да бір рет ауысатын министрлер ауыл шаруашылығы саласына екі жыл сайын өзгеріс енгізуді тоқтатсын деп отыр. 

Ақтөбеге жан-жақтан жиналған шаруалардың талабы бір. Олар күні кеше Ауыл шаруашылығы министрі қабылдаған "Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасына" қарсы. Сондықтан Президенттен бастап, Үкімет, Ауыл шаруашылығы министрлігіне дайындаған арыздарын да арқалап келіпті. Онда шаруалар малға, егінге Үкіметтен бөлінетін субсидияны бірдей пропорциямен төлеуді, кебек бағасын нарықтағы бидай бағасынан елу пайызға дейін асырмауды және  Ауыл шаруашылығы министрлігі мен "Бәйтерек" Ұлттық холдингіндегі қоғамдық кеңеске әр облыстан мал, егін шаурашылығымен айналысып отырған фермерлерді қосуды сұрайды. Кабинетте отырған министрлер шаруаның да, малдың да жайын білмейді. Сондықтан  билік басындағылар өз бетімен бағдарлама шығарып, оны қабылдауды доғарсын деп отыр.

Мысалы, мына ұлттық жобаларға қаншама ақша бөлініп жатыр. Миллиардтар бөлінеді деуге болады. Ол ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жетіп жатқан жоқ. Біздің сыртымыздан өздері қандай жоба қабылдағысы келеді, соны қабылдайды. Жасап болғаннан кейін оны қайта жауып тастай салады. Сосын жаңадан келген министр тағы өз жобасын қабылдайды. Неге ол алдыңғы жобаны әрі қарай жалғастырмайды? – дейді Қарағанды облысы "Ұлытау" қауымдастығының өкілі Арман Әшімов. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінен шаруа қожалықтары, ауылшаруашылық құрылымдарымен санасуды талап етеміз. Бұл концепцияның түпнұсқасын біз әлі көрген де жоқпыз, білмейміз де. Бұрын басқа концепция болған, бұл мүлдем басқа. Біз оны түсінбей отырмыз. Сондықтан біз қарсылық білдірудеміз, – дейді Ақтөбе облысындағы шаруа қожалығының басшысы Мақсат Балғазин. 

Наразы топ Маңғыстау облысында төрт түліктің қуаңшылық пен аштықтан қырылуының себебі сол шаруалардың жағдайынан хабарсыз министрліктегілердің дұрыс жұмыс жүргізбеуі екенін айтады. Әйтпесе, әр облыстың жағдайын жақсы білетін шенеуніктер мұндай жағдайға әкелмес еді дейді. Ал Ақтөбе облысының Ауыл шаруашығы басқармасы шаруалардың талабын біз емес, министрлік шешуі тиіс деп отыр. 

Ұлттық бағдарлама 2021-2025 жылдарға арналған. Наразылық білдірушілер жобаның талқыланбай қалғанын, үлкен қаржы қарастырылғанын айтып отыр. Енді ол қайда кетеді, соның анық-қанығын білгісі келеді. Бұл мәселе ауыл шаруашылығы министрлігіне тіреліп тұр. Сол жақта шешілуі керек. Біздің қолымызда тұрған жоқ, – дейді Ақтөбе облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратов. 

Фермерлер Ауыл шаруашылығы министрлігі еш талқылаусыз өз беттерімен қабылдап жіберген  ұлттық жоба қайта қаралсын деп отыр.  Жиналғандар министр Ербол Қарашөкеевті Ақтөбеге, шаруалардың жағдайын өз көзімен көруге, жүзбе-жүз сөйлесуге  шақырады.