Алматыда "есірткі жеткізуші" ұсталған сәт ВИДЕОҒА түсіп қалды

Кадрларда ит пойыз жолаушыларының көз алдында адамды секіріп құлатады.

Алматыда "есірткі жеткізуші" ұсталған сәт ВИДЕОҒА түсіп қалды
фото: ашық дереккөз

Алматы-1 вокзалында "есірткі жеткізушінің" қызметтік итпен ұсталған сәті видеоға түсірілді. Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі жағдайды түсіндірді деп хабарлайды Paryz.kz.

Кадрларда ит пойыз жолаушыларының көз алдында адамды секіріп құлатады. Содан кейін оқиға орнына қызметтік көлік келеді. 

Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, 12 қарашада Алматы вокзалында полиция қызметкерлері Желілік полиция басқармасымен бірлесіп Алматы-1 стансасында полиция қызметкерлері қызметтік-іздестіру итін пайдалана отырып, есірткі жеткізушіні ұстау бойынша оқу бейнеролигін түсірген.

Түсірілім шындыққа жақын жағдайда жүргізілді. Сценарий бойынша, есірткі курьері Қызылорда - Семей бағытындағы жолаушылар пойызымен келген. Бейнетүсірілім "Есірткісіз болашақ" республикалық акциясы аясында өткізілді. Сондай-ақ акция барысында полиция қызметкерлері теміржол вокзалдары қызметкерлерімен және жолаушылармен профилактикалық және түсіндіру әңгімелерін өткізіп, "Есірткісіз болашақ" брошюраларын таратты, - деді көліктегі ПД өкілі.