19.10.2020, 10:37

Қостанайда астыртын жұмыс істеп келген екі казино әшкере болды

Фото: ys.sakh.com

Ұйымдастырушылар құмар ойынға қатысуға 10 мың теңгесі барларға ғана рұқсат берген.

Қостанайда жасырын жұмыс істеп келген екі казино анықталды, деп хабарлады paryz.kz.

"Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері арнайы мақсаттағы "Қыран" бөлімшесімен бірлесе отырып, Қостанай қаласында екі жасырын казиноның қызметін тоқтатты. Түрлі құмар ойындарды ұйымдастыру және өткізу үшін іс фигуранттары қала аумағында арнайы орындарды жалға алған. Казино ұйымдастырушылары ойынға 10 мың теңгеден кем емес сомаға фишкалар сатып алған ойыншыларды ғана қатыстырған", - делінген ведомство хабарламасында.

Тексеру барысында покерге және тағы 6 құмар ойынына арналған үстел, карталардың 15 данасы, фишкалар, бейнежазбалары бар ресивер, ойынға тігілген мөлшерлемелер туралы жазбалары бар журнал мен блокнот, ойын фишкалары бар кейс, «Samsung» маркасындағы электронды планшет және ақшалай қаражат анықталып, тәркіленді.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.