Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Еліміздің оңтүстігінен көшіп келгендер солтүстіктегі өмірлеріне шағымданды

Айта кетейік, соңғы үш жылда Қызылжар өңіріне 200-ден астам тұрғын көшіп келген. Оларға 87 жаңа үй салынған.

Еліміздің оңтүстігінен көшіп келгендер солтүстіктегі өмірлеріне шағымданды
фото: видеодан скриншот

"Бізді жұмысы жоқ жерге жібереді". Оңтүстік өңірлерден солтүстікке қоныс аударғандар осылай деп шағымдарын айтады деп хабарлайды Paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Көшіп келгендердің айтуынша, мемлекет "Еңбек" бағдарламасымен уәдені үйіп-төгіп алып, ал жеме-жемге келгенде адам тұрмайтын алыс ауылдарға апарып тастайды екен. Мысалы үшін, Қапшағайдан келген отбасыға жаңа үй беруге тиіс болған. Ол тіпті салынып та жатқан. Бірақ жарты жылдан кейін билік бұл баспаналар оңтүстіктен келген қоныстанушылар үшін жеткіліксіз болады деп шешкен. Салынған үйлерде монша да, сарай да жоқ болып шығады. Енді жылжымайтын мүліктерді жеке адамдарға сатпақшы. Ал қоныс аударушыларды "өз бақытын" басқа ауылдан іздеп көрсін дейді.

Төрт баласы бар Бөлтеновтер отбасы еліміздің солтүстігіне Қапшағай елді мекенінен көшіп келген.

Біз мұнда мал асырап, тамақ өндірісімен айналысқымыз келді, – дейді көпбалалы ана.

Олар Пеньково ауылын таңдаған. Көктемде квотаға қол жеткізіп, көшіп келген. Алайда уәде етілген үйлерін сол күйі ала алмаған. Алғашында жазға дейін күтуді сұраса, кейін оны күзге дейін созған. Соңында олар қысты жалдамалы үйде өткізген. Гүлшарат Бөлтенова бұл жерде тіркеуі жоқ болған соң атаулы әлеуметтік көмек пен асыл тұқымды мал өсіруге грантты да ала алмай отырғанын айтады.

Үйлер талаптарға сәйкес келмейтін болған соң, сатып ала алмаймыз. Бізге екі ауылды таңдауға берді: Налобино мен Подгорный. Сонда барыңдар дейді. Налобино қаладан 60 шақырым қашықтықта орналасқан және ол жерде жұмыс жоқ. Балалар енді ғана осы жердегі мектепке барып, араласып келе жатқанда оларды да орнынан қозғалтқым келмейді, - дейді Пеньково ауылының тұрғыны Гүлшарат Бөлтенова.

Пеньковода қоныс аударғандар үшін салынған 10 үйдің әкімдік үшеуін ғана сатып алған. Қалғандары техникалық сипаттамаға сәйкес келмегенге ұқсайды. Бірақ мердігерлер жобалардың бірден өзгергенін айтады. Енді салынып жатқан үйлерге моншалар мен қосалқы құрылыстарды бекіту қажет дейді олар. 

Қабылданған 3 үйді алғашқы шарттары бойынша жасап үлгергендіктен, өткізіп үлгердік. Біз өз міндетімізден құтылдық. Бағдарлама үлкен болғаннан кейін біз аудан аумағында жұмыс істегіміз келеді. Ал келесі салынып жатқан үйлердің жобасы басқа болғаннан кейін олар қымбаттау үстінде, - деп түсіндірді "Петропавлск прогресс" ЖШС-нің басшысы Виталий Михеенко.

Аудан әкімдігі салынып біткен үйлерді қайта жөндеуден өткізіп, онда тұрғындарды орналастыруға болмайтынын айтады. Мемлекеттік бағдарламамен қабылданбаған үйлер жеке меншікке сатылатын болады. Сондай-ақ шенеуніктердің айтуынша, ауданға тұрғындарды қоныстандыру бойынша биылғы жылдың жоспары орындалып қойған. Сондықтан тұрғындар бар үйлерді таңдауға мәжбүр болады.

Халыққа бағдарлама бойынша сен Пеньковаға барасың немесе басқа ауылға барасың деп айта алмаймыз. Адамдар келеді, қарайды, егер бос үйлер мен жұмыс орындары болса біз оларды орналастырамыз. Мұнда Пеньковада үйлер салынып біткен, тек техникалық сипаттама бойынша талаптарды орындамаған. Тіпті көшіп келеміз деген адамдар болса да, біз оларды орналастыра алмаймыз, - дейді Қызылжар ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанар Ақылбекова.

Бұл ауылда "Еңбек" бағдарламасы бойынша жаңа үйлер салу әзірге жоспарда жоқ. Бөтеновтер отбасына көктемге дейін жалға берілетін баспана ақысы төленеді. Ал ары қарай басқа таңдау жоқ: олар бос үйлері бар ауданға көшіп барады немесе Қапшағайға оралуға тура келеді. 

Айта кетейік, соңғы үш жылда Қызылжар өңіріне 200-ден астам тұрғын көшіп келген. Оларға 87 жаңа үй салынған.