Прямая трансляция

Астана

Астана

-1.03°C

"Кредитті кейінге шегеруді қарастыру керек": Сенаторлар Үкіметке ұсыныс жасады

195 борышкерді үйден шығарып жіберген. Соның ішінде 74 проценті жалғыз баспанада тұрған.

"Кредитті кейінге шегеруді қарастыру керек": Сенаторлар Үкіметке ұсыныс жасады
фото: ашық дереккөз

Сенаторлар Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, кредит төлей алмайтын азаматтардың мәселесіне қатысты бірнеше ұсыныс жасады деп хабарлайды Paryz.kzSputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.

Депутат Ләззат Сүлейменнің айтуынша, Алматыдағы трагедия осы саладағы проблеманың бар екенін ашық көрсетті. Осыған байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев банктердің кепілзат саясаты, мүлікті бағалау мен жеке сот орындаушыларының қызметі бойынша нақты ұсыныстарды енгізуді тапсырған болатын. Ал кредит алған адамның кепілге қойған мүлкін аукцион арқылы сату саласында құқықтық қайшылықтар бар. Оған қоса, сыбайлас жемқорлықтың қаупі де жоғары болып тұр.

"Осы салаға бақылау жүргізетін үкіметтік емес ұйымдардың мәліметіне сәйкес, сауда-саттық кезінде жалған тұлғалар арқылы борышкердің мүлкі төмен бағамен жиі сатылып жатады. Кей кезде бір адам бірнеше пәтерді сатып алады", - деді Сүлеймен Сенаттың жалпы отырысында.

Ал Әділет министрлігінің ақпараты бойынша, сот орындаушылары 2016 жылдан бері аукцион арқылы 1 406 жылжымайтын мүлікті сатқан. 464 борышкер үйлерін өздері сатып, ақшасын қарызды жабуға салыпты. Ал 195 борышкерді үйден шығарып жіберген. Соның ішінде 74 проценті жалғыз баспанада тұрған.

Бас прокуратура болса, электронды сауда-саттықтың қаншалықты заңды өткізілгенін тексеріп шықты. 2015-2018 жылдар аралығында банктер аукционға шығарылған мүліктің 78 процентін сатып алған. Олармен бәсекелес болатын ешкім қатыспады. Қатысқан күннің өзінде, көбінесе, банк қызметкерлері болған. Ал кепілге салынған мүліктің бағасы орташа есеппен 30 процентке төмендетілді. Жеке сот орындаушылының үстінен арызданған адамдар да аз емес. 

Осыған байланысты азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау үшін бірнеше ұсынысымыз бар. Біріншіден, борышкер келісімшарт талаптарын орындай алмаса, қаржылық жағдайы жақсарғанша қарызды төлеу мерзімін шегерудің ыңғайлы мүмкіндігін беру мәселесін қарастырған жөн. Екіншіден, кепілге салынған мүлікті бағалау кезінде инфляция деңгейін ескеру керек. Үшіншіден, жалғыз баспанадан шығарылатын азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесін реттеу қажет. Төртіншіден, кепілге салынған мүлікті пайдалану құқығын сақтау мен жалдамалы баспана беруді қарастырған дұрыс, - деп атап көрсетті Сүлеймен.

Бұдан бөлек, сенаторлар банктерге кепілзатты сатып алу аукциондарына қатысуға тыйым салу қажет деп санайды. Депутаттық сауал премьер-министр Асқар Маминнің атына жолданды.