Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Атырау облысы әкімінің орынбасары журналисті сотқа сүйреді

Материал авторы облыстық әкімдіктегі дереккөзге сүйеніп жазған. 

Атырау облысы әкімінің орынбасары журналисті сотқа сүйреді
фото: ашық дереккөз

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев полициядан жергілікті өңірден ақпарат тарататын "Ақжайық" басылымының бас редакторы Азамат Майтанов пен басылым тілшісі Фархат Әбіловті қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап отыр. Бұл жөнінде басылымның өзі хабарлады деп жазады centralasian.org.

Интернет-басылымның жазуынша, оған 18 қазанда сайтта жарияланған "Атырау облысы әкімінің орынбасары қылмыстық іске тартылды" (Заместитель акима Атырауской области стал фигурантом уголовного дела) деген материал негіз болған. Онда шенеуніктің Ауыл шаруашылығы басқармасына жетекшілік етіп тұрған тұста 80 млн теңге көлеміндегі субсидияны заңсыз бөлді деген күдікке ілінгені, қылмыстық іс қозғалғаны жазылған. Материал авторы облыстық әкімдіктегі дереккөзге сүйеніп жазған. Журналист Фархат Әбіловтің айтуынша, жаңалық шыққаннан кейін екі сағаттан соң ақпарат ресми түрде расталған.

Журналистер тарапынан ешқандай заң бұзушылық болған жоқ. Сайтта жаңалық шықты. Одан кейін бірнеше сағаттан соң облыс әкімдігі кәдімгідей ашық түсініктеме берді. Ол жерде ол кісінің [Нұрлыбаевтың] не үшін күдікке ілінгені, қылмыстық істің фабуласы, оның күдікті екенін бәрін көрсеткен, – деді журналист Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, шағым түсіруші тарап редакция өкілдерін "кінәсіздік презумпциясын бұзды", "жеке мәліметтерді жариялады" және "ар-намысты қорлады" деп кінәлап отыр.

Шағым түсірушінің сотқа дейінгі шағым хатында сайттағы ақпараттың "бұрмаланғаны", іс бойынша әлі "сараптама тағайындалмағаны" жазылған. Одан бөлек, хат авторы Қылмыстық кодекстің 147-бабына (Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және ҚР дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу) сүйене отырып, ақпарат құралдарында азаматтың "жеке өмірі жайлы құпия мәліметті оның келісімінсіз жариялағаны үшін" қылмыстық жауапкершілік көзделгені ескертілген. Шағым түсіруші ақпаратты терістеп, кешірім сұрауды, одан бөлек құпия дереккөзді ашуды талап еткен.

Ал "Ақжайық" шағым түсірушіге берген жауабында "ешқандай заңды бұзбағанын" атап өткен.

Басылым Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев үстінен Қылмыстық кодекстің 189-бабы ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") бойынша қылмыстық істің тергеліп жатқаны жөнінде объективті ақпарат берді. Мәтінде оның қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылғаны жөнінде бірде-бір сөз жоқ, тек факт қана бар және оның неге айыпталып отырғаны жазылған", - делінген жауапта.

"Журналистің дереккөзді айтпай, ақпаратын пайдалануға құқығы бар. Оның үстіне ол ақпарат ресми түрде расталып отыр. Осыған орай редакция ақпаратты терістемейді және Қ.Нұрлыбаевтан кешірім сұрамайды" делінген редакция жауабында.

Қазақстанда шенеуніктер ақпарат құралдарының үстінен жиі шағым түсіреді. Қыркүйек айында Жамбыл полициясы тамыздың соңында әскери қоймада болған жарылыс кезінде тараған ақпаратқа байланысты "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша іс қозғап, журналистер полицияға шақыртылған. Іс қоғамда резонанс тудырғаннан кейін қылмыстық іс тоқтады.

"Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының хабарлауынша, қыркүйек айында бірнеше журналист қылмыстық қудалауға ұшыраған. “Шекарасыз тілшілер" ұйымының Дүниежүзілік сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 155-орында тұр және "сөз бостандығы ахуалы қиын" елдер қатарында.