Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Көлігі есептен шығарылған қостанайлықтар Президентке хат жолдамақ

Олар көліктерін өздеріне қайтаруды және заңдастыруға көмектесуді сұрап отыр.

Көлігі есептен шығарылған қостанайлықтар Президентке хат жолдамақ
фото: "Наша газета"

Ресейде есептен шығарылған бірқатар көлік айыппұл тұрағына жіберілді. Бұған әр аймақта наразылық білдіріп жатқандар көп. Қостанайлық жүргізушілер де жергілікті билікпен кездесу өткізді деп хабарлайды Paryz.kzExpress Qazaqstan-ға сілтеме жасап. 

Кездесуде полиция өкілдері жүргізіліп жатқан іс-шараның мәнісін түсіндірді.

Ресейлік нөмірі бар көлік мінгендердің бәрі бірдей заңсыз жүрген жоқ. Жарамды тіркеуі, сатып алу, сату шарты және сақтандыру полисі бар жүргізушілер көп. "Жол қозғалысы туралы" заңға сәйкес, жүргізуші көлікті 10 жұмыс күні ішінде тіркеуге міндетті. Көбі соны ескермейді, — деді жергілікті полиция қызметінің бастығы Құрмет Мәжікенов.

Оның айтуынша, азаматтар сатып алу, сату шартын көрсетсе, тәркіленген машиналар өздеріне қайтарылады. Бірақ айыппұл төлеуге тура келеді. Тағы бір мәселе — көлікті тіркеуге қоймаса жүргізе алмайды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда Ресей нөмірін таққан көліктерді тексеру басталды

Кешелі бері әуре-сарсаңға түскендердің бірі — Дамир Жақанов. Ол көлігін сатып аларда құжаттары мен техникалық жағдайын тексерткенде бәрі орнында болған. 10 ай бойы алаңсыз жүрген. Көлігінің ұрланғанын көшеде полиция тоқтатқанда бір-ақ біліпті.

Полицейлер көлікті эвакуаторға тиеп, айыппұл тұрағына алып кетті. Маған актіден басқа ешқандай құжат берілмеді, - дейді Дамир.

Осыған ұқсас мәселелері бар қостанайлықтар бастамашыл топ құрып, Президентке, Парламентке өтініш хат жолдамақ. Олар көліктерін өздеріне қайтаруды және заңдастыруға көмектесуді сұрап отыр.

Өтініш хатты бірер күнде жібереміз. Өйткені бұл ондаған адамның емес, мыңдаған адамның мәселесі. Оны атқарушы билік емес, жоғары жақ шешуі тиіс, - деді Дамир Жақанов.

Полиция департаментінде хабарланғандай, облыста 7 800-ге жуық көлік тіркелмеген.

Осы жылдың 10 айында шетелдік нөмірі бар автомобиль жүргізушілері 85 жол апатын жасаған. Онда 18 адам қаза тауып, 107 адам түрлі жарақат алған.

Тағы оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда ресейлік нөмірмен жүрген көлік иелері наразылыққа шықты

Тамыз айынан бері Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетімен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп ел аумағына кіретін көліктерді тексере бастады. Соның ішінде Ресейден әкелінген көліктер де бар.

Тексеріс нәтижесінде көптеген заңға қайшы факті анықталған. Атап айтқанда, он шақты көлік жалған құжаттар арқылы кіргізілсе, Ресейде есептен шығарылған 150-ге жуық көлік әкелінген. Соған сәйкес ІІМ шетелде тіркелген барлық көлік құралдары туралы сақтандыру компанияларына сұраныс жасаған еді. Соның қорытындысында 88 мың ресейлік нөмірі бар автокөлік РФ ІІМ тіркеу есебінде тұрмайтын болып шықты.