Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Қазақстандағы әрбір алтыншы бала кедейшілікте өмір сүреді

Талдау көрсеткендей, көп балалы отбасыларда азық-түлік жағы да проблема.

Қазақстандағы әрбір алтыншы бала кедейшілікте өмір сүреді
фото: ашық дереккөз

Қазақстандағы әр алтыншы бала кедей отбасында өсіп жатыр. Олардың тоқсан пайызы көп балалы отбасылар. Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының ғалымдары елде балалар кедейлігі бар деген қорытындыға келді деп хабарлайды Paryz.kz, 31-арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Бүгінде елімізде бір балаға берілетін жәрдемақы 11 жарым мыңнан сәл асады. Ал азық-түлік бағасы күн сайын өсіп жатыр. Жұмыссыз ата-аналар да жетерлік. Сарапшылардың «Сорос-Қазақстан» қоры қолдауымен жүргізген зерттеуі осындай көрсеткішке ие.

Бүгінгі таңда елімізде 454 мың көпбалалы отбасы бар. Талдау нәтижесі бойынша, ауылдық жерде тұратындардың  басты проблемасы тұрақты табыс болса, қалалықтар үшін  тұрғын үй мәселесі өзекті. 

Өкінішке қарай, Қазақстанда көп балалы отбасылардың шамамен 13%-ында бір ғана ата-ана бар. Яғни, көп балалы отбасылардың жалпы санының 13%-ы толық емес. Тек бір ата-анамен өмір сүреді. Не әке, не ана. Негізінен, әрине, бұл аналар, – деді AERC ғылыми жетекшісі Жақсыбек Күлекеев.

Талдау көрсеткендей, көп балалы отбасыларда азық-түлік жағы да проблема.

Көп балалы отбасылар бойынша жәрдемақы енгізілгенге дейін алушылардың саны 260 мыңнан аспады. Көп балалы отбасыларды қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар бойынша, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 4 және одан көп балалы отбасына жоғары мөлшерде жәрдемақы енгізілді, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Ниязов.

Зерттеушілер бірінші кезекте көп балалы отбасылардың мұқтаждығын анықтау жүйесін жетілдіру қажет екендігін айтады. Олар көп балалы отбасыларды: «жасыл» – толық, «сары» – мұқтаждық шекарасына жақын және «қызыл» – кедейлік шегінен төмен өмір сүретіндер деп бөлуді ұсынады.

Парламентте аталған зерттеулерді қарастыруға уәде берді.