Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Жат ағымның ойлағаны өз құлқыны

Деструктивті топпен күресу үнемі өзгерісте. Өйткені олар адам алдаудың, өз топтарына  тартып,  арбаудың  тәсілін түрлендіріп отырады. Мемлекет те олардың әрекетіне қарай, қауіптің  алдын алу үшін жат ағым идеясының жайылып кетпеуін ойластырып, тосқауыл қояды. Біз мұны Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының атқарған қыруар жұмыстарынан білдік.

Жат ағымның ойлағаны өз құлқыны
Фото: Астана Ақшамы

Соңғы он жылды алып қарасақ, деструктивті идеяны таратушылар интернетті жақсы меңгеруге ден қойды. Заманауи технологияны өз идеяларын жүзеге асыру мақсатында тиімді пайдалануға тырысады. Пайдаланып та жатыр. Олардың тұзағына түскен жандар қаншама?! Бүгінгі кейіпкеріміз – маңғыстуалық Наркен сондай соқыр сенімнің жетегінде кеткендердің бірі ғана... Наркен кеш те болса түсініп, жат ағымның қуыршағы болғанын айтады: «2015 жылы дін жолына түстім. Мешіт үйіме жақын еді. Бір шетінен бұл да менің дінге жақындауыма себеп болды. Үйден шығып, аттай салсам – мешіт. Бірақ мешіттегі жамағаттың көпшілігі  жат ағым – сәләфит дейді ғой, намазды басқаша оқиды. Олар адамды өздеріне мықты тартады. Қызығушылықты оятады. Білместікпен кіріп кеттім, ортасына...»

Наркеннің осы сөзінен-ақ жат ағымның жалпы адаммен қалай жұмыс істейтінін байқаған боларсыздар. Олар өздерінің әрекетіне қызықтыра біледі және сөзіне сендіреді. Кейіпкеріміз деструктивті топтың белді мүшесіне айналып шыға келеді. Оның әке-шешесі зейнеткер екен. Өзі үйдің кенжесі. Мамандығы дәнекерлеуші. Колледжден кейін жаңа барған ортасы мемлекетті даттап, жалған ағымды мақтап, құлағына сіңіре береді. Улы уағыз жас жігіттің санасын жайлайды. Жақындарын жау санап, айналасымен араласуды күрт үзеді. Өзі жүрген ортадан тыс интернет арқылы жат ағымның жалған уағызын тыңдай бастапты: «Ділмұрат, Әбу Мухаммад, Октам деген кісілердің уағызын вконтакте желісінен тыңдап, оларды сақтап қоятын болдым. Имамдарды жамандайды. Олардікі қате, дұрыс емес, тыңдамадеген сияқты сөздерді айтады. Имамдар ойыңа күмән салады дейді» - деп Наркен шынын жайды. 

Жат ағымның айтатыны, сүйенетіні не екен? Діни қызметкердің пікірін келтірейік. 

ҚМДБ «Діни оңалту» бөлімінің меңгерушісі, Қанат Алшынбаев: «Уағыздарын тыңдасаңыз, ибн Абдул Лаһабтың «Үш негіз» кітабын негізге алады. Ол кітапты біз білеміз, тиым салынған. Сәләфизм дағуатының ғана дұрыс екенін көрсетеді олар... Мысалы дін мен ата-ана қатар тұрса, дінді таңдау керек деген сияқты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) заманында мушриктерге аяттар түсті ғой. Сол аяттарды мұсылмандарға қарсы қолданады. Қателігі де сонда. Бұл аяттар мушриктерге қатысты түскен. Мұсылмандарға қатысты емес.

Міне,  деструктивті топ сөздеріне сенім, өздеріне бедел жинау үшін белгілі бір негізге сүйенеді екен. Ал жоғарыда айтқан Ділмұрат, Абу М ухаммад, Октам дегендер деструктивті теріс дінді таратушылардың серкелері десек болады. Олар қазір жалған  исламды насихаттап, қарапайым көпшілікті адасуға апаратын уағыз жүргізіп, қылмыстық іске жататын әрекеттері үшін сотталып, жазасын өтеп жатыр. Олардың діни уағыздарына арнайы маманның сөзімен нақтырақ тоқтала кетейік.  

Теолог, Жандәлет Сүлейменов: «Ділмұраттың уағыз-насихатына талдау жасадық. Діни алауыздыққа, діни бөлінушілкке апаратын уағыздар айтып жүргенін анықтадық. Мәселен мемлекетке салық төлеу харам деген сипатта уағыз-насихаттар болған. Мемлекеттің дамуы үшін, іргесін нықтап, аяғынан тұрып алға жылжу мақсатында  жұмсалатын салыққа ешқандай тиым жоқ, Құранда. Керісінше, қуаттайды. Ділмұраттың шейхтары осылай кері жауап беріп жатыр. Демек олардан алған ақпаратын елге келіп, бұрмалап, өзінің нәпсісіне, өзінің қалауына қалыптастыруға деген идеологиялық тұрғыда жамағат жинаудың әдісі»

Бұл дегеніңіз – жалған уағызшылар дінді дамытайын, исламды көркейтейін деп тұрмағанын дәлелдейтін факті. Ақиқатында солай. Жат ағымның ойлағаны өз құлқыны, өз мүддесі және ол жай ғана мүдде емес, мемлекетті аяғынан шалу, кір жағу, құлату. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан істерге өз ортасын қарсы қояды. Сонымен қатар,қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын түгелдей теріске шығарады. Мысалы беташар, сәлем салу ширк деп есептеледі, олар үшін. Той болмайды. Жат ағым негізінен салт-дәстүрге шабуыл жасайды. Түпкі мақсат бүлік туғызу. 

Наркен де жат ағымның сөзіне ілесіп, ұлтымыздың салт-дәстүрін жоққа шығарған еді. Адасқандар, бидғатшылар дейтіннің бірі болатын.  Тарихымызға, ұлтқа қарсы айыптаулардың иесі еді. Теріс дінді әлеуметтік желіде жариялап, көпшілікке жалған исламды насихаттағаны үшін істі болды. Баласының сотталатынына әке-шешесі қатты қиналған. Әрине, қиналады. Қай ата-ана баласын темір торға жайбарақат беріп қойсын?! Наркен екі жылға кесілді. Шығыстың түрмесінде жазасын өтеді. Қазір бостандықта. Ақиқат пен аңыздың аражігін ажырата алады. Адасып барып, қайта келді. Түрменің дәмін татты. Адасудың арты соқпақ дегеніміз осы шығар. Соқпақ сабақ та болды. Сыртқы дақ кетер, бірақ жүрекке түскен кірден құлан таза айығып кету үшін уақыт керек. Бәрі де өзіне байланысты. Ең бастысы сақ болайық! Сақтанайық!      
                               Еділ АНЫҚБАЙ