Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Жамбыл облысында 108 гектар аумаққа егілген мыңдаған тал қурап қалған

Табиғат жанашырлары шенеуніктер жылда мыңдаған ағаш егіп, қыруар қаржыны тиімсіз жұмсауды әдетке айналдырған дейді. Айтуларынша, оны күтіп-баптап отырған жан баласы жоқ.

Жамбыл облысында 108 гектар аумаққа егілген мыңдаған тал қурап қалған
фото: видеодан скриншот

Жамбыл облысында 108 гектар аумаққа егілген мыңдаған тал түгі қалмай қурап кеткен. Бір жыл бұрын ғана облыс орталығының айналасын көгалдандыру үшін қолға алынған "Жасыл белдеу" жобасы, осылайша, аяқсыз қалғанмдеп хабарлайды Paryz.kz, 31-телеарнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап. 

Табиғат жанашырлары шенеуніктер жылда мыңдаған ағаш егіп, қыруар қаржыны тиімсіз жұмсауды әдетке айналдырған дейді. Айтуларынша, оны күтіп-баптап отырған жан баласы жоқ. Ал әкімдік өкілдері қураған талдың орнына келер жылы жас теректерді қайта егеміз деп ақталып отыр. 

Бірнеше жыл бұрын шенеуніктер мен қала шетіндегі зауыт әкімшіліктерімен бірігіп, "Жасыл белдеу" жобасы аясында 108 гектар алқапқа мыңдаған тал еккен. Әу баста бұл бастама арқылы облыс орталығын жасыл желекке айналдыру көзделіпті. Бірақ жоба аяқсыз қалып отыр. Себебі жүз гектар аумақты алып жатқан тоғай толық қурап, іші қоқысқа толып кеткен. Қазір егілген қалың қараталды маңайдағы зауыттардан шыққан аппақ күл басқан. 

Табиғат жанашыры Рауф Сәбитов желіде таралған роликті көргенде ашуландым дейді. Өйткені жылда жас дарақ отырғызуға қыруар қаржы бөлетін шенеуніктер Жамбылды жасыл желекке айналдырудың орнына, бар ағашты өсіре алмай отыр деп қынжылады. 

Ағаштардың не себепті қурап қалғанын зерттеп, зерделеп жатқан ешкім жоқ. Сараптама да жасалмайды. Түрлі жобалар аясында мыңдаған түп тал егеді, олар жыл өтпей қурап қалады. Шенеуніктер ағаш отырғызуға келгенде ақшаны желге шашумен айналысып жүр. Ағаштардың соншалық қурап кеткенін көріп, шошып кеттім, – дейді табиғат жанашыры Рауф Сәбитов.

Қалалық әкімдік өкілдері қурап қалған ағаштарды ерте көктемде еккендерін айтты. Сөздерінше, биыл тағы 32 гектарға 42 мыңға жуық жас көшет егіліпті. Ол үшін бюджеттен 12 миллион, оны күтіп-баптауға 10 миллион теңге бөлінген.

Біз оны күтіп-баптап, ұстаймыз. Енді ол жерде, өзіңіз білесіз, вегитациялық мерзім дейді ғой, өзінің әр уақытысында еккенде шықпай қалған талдар бар. Біз, мысалы, күзде және көктемде уақыты келген кезде қурап кеткен жерлерде қайта тал егетін боламыз, – дейді Тараз қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы. 

Талдары қураған тоғайдың бір бөлігі Металлургия зауытына қарайды. Кәсіпорын экологы ағаштардың өспей қалуын көрші тұрған гипс зауыттарынан шығатын зиянды қалдықтармен байланыстырып отыр. Әрі қазір тал-дарақты суарып тұру да қиын дейді. Себебі бұрынғыдай арық толы су жоқ. Ал ауызсумен суғаруға тыйым салынған.