Алматыда SPA салонынан 15 жезөкше ұсталды (ВИДЕО)

Жыл басынан бері алматылық полицейлер адам саудасына қатысты 28 қылмысты анықтаған.

Алматыда SPA салонында интимдік қызмет көрсеткен 15 жеңіл жүрісті қыз ұсталды. Тәртіп сақшылары іс-шараны кеше түнде өткізді деп хабарлайды Paryz.kzPolisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қалалық Криминалды полицияның мәліметінше, салондардың бірі элиталы тұрғын үй кешенінде ашылса, тағы екеуі Бостандық және Медеу аудандарының аумағындағы саяжайларда қылмыстық әрекет жасаған. Бұл нысандарда 15 жеңіл жүрісті қыз клиенттерге интимдік қызмет көрсеткен. Олар – Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облыстарының тұрғындары.

Әйелдер соттылығы бар-жоғын анықтау үшін полицияға жеткізілді. Ал ғимараттардың иелері жезөкшелікпен айналысу үшін саналы түрде үй-жаймен қамтамасыз еткені үшін, сондай-ақ жеңгетайлық бойынша жауапқа тартылды.

Жедел бөлімнің хабарлауынша, жыл басынан бері алматылық полицейлер адам саудасына қатысты 28 қылмысты анықтаған. Сонымен қатар интимдік қызмет көрсететін 73 жезөкшелер үйі жойылды.