Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы бекітілді

Ауыл шаруашылығы министрлігі, жалпы, 5 жыл ішінде 4,1 трлн. теңгеге 582 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр

Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы бекітілді
Дереккөз: inbusiness.kz

Елімізде қазан айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы бекітілді. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеев орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Министрдің мәліметінше, құжат мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген. «Бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді, ол күш-жігер мен ресурстарды шоғырландыруды қажет ететін нақты, тораптық міндеттер мен жобаларды шешуге бағытталған. Ұлттық жобаны әзірлеу кезінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтер, бұдан бұрынғы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру қорытындылары ескерілді. Ұлттық жобаны әзірлеуге Біріккен Ұлттар Ұйымы  жанындағы халықаралық FAO азық-түлік ұйымының сарапшылары,  салалық одақтардың, қауымдастықтардың, ғылымның өкілдері тартылды»,-деді министр.

Сонымен бірге ведомство басшысы Президент тапсырмаларына сәйкес Ұлттық жобаның мынадай негізгі міндеттері айқындалғанын атап өтті.

  • бірінші, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру;
  • екінші, Қазақстанның отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілу;
  • үшінші, өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту;
  • төртінші, 7 ірі экожүйе қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн. ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру.

Министрдің сөзінше, еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру мақсатына қол жеткізу үшін негізгі факторлар айқындалған. Олар: жоғары сапалы тұқымдарды, минералды тыңайтқыштарды, заманауи техника мен технологияны, суармалы егіншілікті және т.б. қолдану болып отыр. Сонымен бірге тұқым шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру, тұқымдарды қадағалау жүйесін құру, сондай-ақ тұқым өсіру шаруашылықтарын қазіргі заманғы техникамен және жабдықтармен техникалық жарақтандыру есебінен дамыту жоспарланып отыр. Ал, минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін арттыру мақсатында өнеркәсіптік өндірістің органикалық тыңайтқыштарын субсидиялау және агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының қызметі мен материалдық-техникалық базасын жетілдіру көзделген. «Осы шаралардың қабылдануы жоғары сапалы тұқымдарды пайдалану үлесін қажеттіліктің 93%-ынан 98%-ына дейін, минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін 20%-ынан 29%-ына дейін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде дәнді дақылдардың өнімділігі 10-15%-ға артады»,-деп атап өтті министр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі, техникалық жарақтандыру мәселесіне де баса назар аудармақ. «Техникалық жарақтандыру деңгейін арттыру мақсатында инвестициялық субсидиялау жалғасын табады, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы лизингінің бағдарламалары кеңейтіледі. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 4% – дан 6% – ға дейін артады. Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, су беруді субсидиялау тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады, Қазақстанда демонстрациялық фермалар желісін құру және қуаты жылына 1000 қондырғыға дейінгі қазіргі заманғы суару жүйелерін шығаратын зауыт салу жобасы іске асырылады. Бұл су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаңдарды 450 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді»,-деп атап өтті министр.

Сонымен қатар құзырлы ведомство басшысы елде қарқынды мал шаруашылығына көшу жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.

«Импортқа тәуелділікті төмендету және мал шаруашылығы өнімінің экспортын арттыру мақсатында қарқынды мал шаруашылығына көшу жалғастырылатын болады. Бұл үшін фермерлік шаруашылықтарға мал сатып алуға кредит беру көлемін ұлғайту, азық өндірісін ынталандыру, шалғайдағы мал шаруашылығын және жайылымдардың инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ селекцияның қазіргі заманғы әдістерін, оның ішінде жасанды ұрықтандыру мен эмбриондарды телуді енгізуді ынталандыру жоспарлануда. Бұл өңдеуші кәсіпорындардың қуаттылықтарын 100% жүктемемені қамтамасыз етуге, сондай-ақ мал мен құстың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді»,-деді Ербол Қарашүкеев.

Министр брифинг барасында, сондай-ақ, аграрлық ғылым саласына да жіті назар аударылатынын жеткізді. «Облыстық деңгейде құзыреттілікті дамыту орталықтары және аудандық деңгейде ауылдық ақпараттық-консультациялық орталықтарды жаңғырту есебінен, сондай-ақ фермерлердің біліктілігін қашықтықтан арттырудың қазіргі заманғы нысандарын енгізу арқылы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін білім тарату жүйесімен ауқымды қамту жолымен білім тарату жүйесі жетілдірілетін болады. Аграрлық ғылымды қаржыландырудың жеткіліктілігін қамтамасыз ету жұмысы жалғастырылады, салалық гранттық қаржыландыру енгізіледі, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенге кешенді талдау жүргізу, перспективаларын бағалау, дамуын болжау үшін Министрліктің ахуалдық-талдамалық орталығын құрып, жұмыс істету жоспарлануда»,-деді ол.

Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы министрі ішкі нарықты қамтамасыз ету тетіктерін де қарастырылып жатқандығын мәлім етті. «Коронавирус пандемиясы ішкі нарықты қамтамасыз ету басты міндет екенін көрсетіп берді. Сондықтан басым экспорттық саясатпен қатар, импортты алмастыру мәселелері де кешенді түрде шешілетін болады. Министрлік ең көп импортталатын позицияларды айқындады, бұлар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант пен балық. Бүгінгі таңда осы бағыттардың әрқайсысы бойынша нақты инвестициялық жобалар айқындалып, іске асырылуда. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде жеңілдікті кредит беру, субсидиялау, жер ресурстарымен, инфрақұрылыммен, ішкі нарықты қорғау шараларымен қамтамасыз ету іске асырылатын болады. Нәтижесінде 2024 жылға қарай қантты қоспағанда, осы өнім түрлері бойынша қамтамасыз етілу 100%-ды, ал қант бойынша 80%-ды құрайды»,-деді ол.

Ұлттық жоба аясында өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен экспортын дамыту жұмысы да қолға алынбақ.  «Ол үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды толық жүктеуді, сондай-ақ қазіргі заманғы кәсіпорындар салуды және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуды көздейтін шаралар кешені әзірленді. Бүгінгі таңда инвестициялық жобалар пулындағы 194 жоба – өндірістің қосымша өсуін және тиісінше қосымша экспорт көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өңдеу жөніндегі жаңа жобалар. Бұл, сайып келгенде, агроөнеркәсіптік кешен экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту туралы алға қойылған мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мемелекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық жобаның басымдығы ет, жеміс, көкөніс, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру мен өңдеуді қоса алғанда, ірі инвестициялық жобалардың айналасында 7 экожүйе қалыптастыру болмақ. Бұл қосылған құны жоғары түпкілікті қазақстандық өнім жасауға қатыса алатын кемінде 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын іске тартуға мүмкіндік береді»,-деді министр.

Айта кетерлігі, ауыл шаруашылығы министрлігі, жалпы, 5 жыл ішінде 4,1 трлн. теңгеге 582 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Аталған ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету, осылайша 1 млн. ауыл тұрғынының табысын арттыру жоспарланып отыр.