Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығын дамытуда жүйелі шаралар қабылдауда

2020 жылы жемшөп экспорты 2,4 мың тоннаны құрап, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 32,6%-ға артқаны белгілі болды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығын дамытуда жүйелі шаралар қабылдауда
Дереккөз: inbusiness.kz

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстанның мал шаруашылығын дамытудың тұрақтылығын арттыру үшін қабылданатын жүйелі шаралар жайлы мәлімдеді. Оның айтуынша, биылғы жылы құрғақшылықтан елдің мал шаруашылығы саласында күрделі жағдай қалыптасқан. Естеріңізде болса құрғақшылықтан, әсіресе, Маңғыстау және Қызылорда облыстары зардап шеккен еді. Құрғақшылықтың теріс әсері қолайсыз ауа-райы құбылыстары аймағында қалған басқа да облыстардың жекелеген аудандарында да байқалды.

Министрліктің мәліметінше, елде тамыз айындағы жағдай бойынша, республикада жоспарланған 23,7 млн. тонна шөптің 74%-ы дайындалды. Қызылорда облысында жоспар бойынша 788 мың тоннадан 429 мың тонна немесе 54% дайындалды. Маңғыстау облысында жоспар бойынша 77 мың тоннадан 31 мың тонна шөп дайындалды немесе бұл көрсеткіш жылдық көлемнің 40%-ын құрады. Сондай-ақ, 2020 жылы жемшөп экспорты 2,4 мың тоннаны құрап, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 32,6%-ға артқаны белгілі болды. Азықтың көп бөлігі немесе 91% Қытайға, ал қалған 9% Түркияға жеткізілген. «Ведомствоаралық комиссияның шешімімен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі мен ҚР Қаржы министрінің «Қазақстан Республикасының аумағынан жекелеген тауарларды әкетуге тыйым салуды енгізу туралы» бірлескен бұйрығының жобасы әзірленді, онда Қазақстан Республикасының аумағынан алты ай мерзімге мынадай жемшөп түрлеріне: пішен, сүрлем, тұқымдық сұлы, өзге де сұлы, тұқымдық қара бидай және өзге де қара бидай тыйым салуды енгізу көзделген. Сонымен қатар, республика аумағынан жұмсақ бидайды (5-сыныпты), арпаны, кебекті және күнжара әкетуге шектеулер енгізілетін болады. Қазір «Атамекен» ҰКП-мен келіссөздер жүргізілуде. Бұл шаралар, ең алдымен, мал өсірушілерге, ішкі тұтынуға арналған жемнің болуын қамтамасыз ететін қорғаныс шаралары болып табылады. Бұл стандартты жағдай, әрбір ел ағымдағы жағдай мен мақсатқа сай шешім қабылдайды», - деп түсіндірді ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері.

Сондай-ақ, Қызылорда облысы Арал ауданындағы құрғақшылықтан зардап шеккен малшыларға берілетін несиелерді кейінге қалдырылу мәселесі де қаралды. «Шілде айда Қызылорда облысының бірнеше ауданына бардым. Мен «Бәйтерек» холдингі басшылығының рұқсатымен арнайы өзіммен бірге үш кредит беруші ұйымның – «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ және «Аграрлық-кредиттік корпорация» АҚ бірінші басшыларын шақырдым. Егер, фермер осы табиғи құбылыстардан зардап шеккен болса, кейінге қалдыру мәселесі қабылданады. Ол үшін зардап шеккендер осы ұйымдардың филиалдарына немесе орталық кеңсеге телефон арқылы хабарласуы керек. Олардың өтінімдері дереу және әрбір жағдай жеке қаралады. Мұндай мүмкіндік қарастырылған, холдингтің түбегейлі келісімі бар», - деді Е. Қарашөкеев.

Естеріңізде болса, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры – мамандандырылған қаржы-несие ұйымы болып табылады. Ол «Бәйтерек» холдингінің құрамына енеді. Қызметтің негізгі бағыттарының ішінде аграрлық саладағы салалық жобаларды кредиттеу және «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлікті микрокредиттеу, «Еңбек» бағдарламасы аясында қарыздарды және банктік қарыздарды кепілдендіру, АӨК-дегі сақтандыру бойынша операторлық көрсетілетін қызметтер, «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде мамандарды кредиттеу бойынша агенттік көрсететін қызметтер легі бар.

Құзырлы ведомство өкілдері, Қазақстанның мал шаруашылығын дамытудың тұрақтылығын арттыруға тиіс жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. «Бүгінде климаттың өзгеруі жаһандық жылынудың салдары екенін бәрі түсінеді. Құрғақшылық жиі орын алуда. Сәйкесінше, оқиғалардың мұндай сценарийіне алдын-ала дайындалу керек болды. Өкінішке орай, біз бұған дайын болмағанымызды ағымдағы жыл көрсетті. Мен осындай мысал келтірейін. Ғалымдардың деректері бойынша біздің елімізде жыл сайын мал азығы зоотехникалық қажеттілік нормасынан 2 есе аз өндіріледі. Сонымен қатар, жемшөптің осы көлемінің шамамен 70%-ы негізінен табиғи шабындықтарда және шабындық деп аталатын жайылымдарда жиналады, олардың өнімділігі толығымен ауа-райына байланысты. Мұнда жеке қосалқы шаруашылықтарда орналасқан мал өнімділігінің төмендігінің негізгі себептерінің бірі», - деп түсіндірді министр.

Сонымен қатар, елде ауыспалы егістегі жемшөп дақылдарының үлесі 15% деңгейінде, бұл ғылым ұсынған көрсеткіштен 2 есе төмен екендігі байқалды. «Маңғыстау облысында мен өзім барып, қарап шықтым, қатты құрғақшылықтың әсерінен нашарлаған жайылымдардың сарқылуы жүріп жатыр, өкінішке орай, мал өсірушілер осындай қиын жағдайға тап болды. Жер пайдаланушылар ғылыми негізделген ауыспалы егісті қатаң сақтауы қажет. Өкінішке орай, бұл дұрыс жасалмайды. Мысалы, жер пайдаланушы жер учаскесін жалдау шартында ауыспалы егісті сақтауға міндеттеме алады. Алайда, бақылаудың тиімді тетіктерінің болмауына байланысты бұл міндеттемелер іс жүзінде қағаз жүзінде қалды. Жергілікті жерлердегі жер инспекциясының қазіргі саны мен шектеулі техникалық жарақтандырылуы бақылау проблемасын шешуге мүмкіндік бермеді», - деп толықтырды Ербол Қарашөкеев.

Ол жем-шөп дақылдары үшін суармалы жерлер алаңын кеңейту, жем-шөп дақылдарының тұқым шаруашылығын дамыту және пайдаланылатын жайылым алқаптарының өнімділігін арттыру және олардың шекараларын, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперациясы арқылы кеңейту қажеттігін де атап өтті.