Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Тәуелсіздікке 30 жыл: Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде егемендік жылдары қандай нәтижелерге қол жеткізілді?

Статистикаға сәйкес, Қазақстанда 12 млн. гектар тек бидай өсіруге арналған, ал оның жалпы түсімі 600 мың тоннаны құрайды.

Тәуелсіздікке 30 жыл: Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде егемендік жылдары қандай нәтижелерге қол жеткізілді?
Дереккөз: egemen.kz

Қазақстанның ауыл шаруашылық саласы тәуелсіздік жылдары осы саланың жаһандық қайта құрылуына, сондай-ақ бірқатар зауыттар мен кешендердің жабылуына қарамастан, орасан зор нәтижелерге қол жеткізді деп айтуға толық негіз бар. Атап айтқанда, ауылшаруашылығы секторында өндіріс көлемінің артуымен бірге жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары ашыла бастады. Осы орайда, бүгінгі материалда Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің жетістіктері мен оның даму жолдары туралы толық әңгімелейтін боламыз. Қазақстанда ауыл шаруашылығы екі салаға бөлінеді – өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы.

Өсімдік шаруашылығы Қазақстанның ауыл шаруашылығының негізі болып табылады. Көп жағдайда аталған сала бидай өсірудің арқасында өсімдік шаруашылығы секторының басым бөлігі ретінде қабылданады. Статистикаға сәйкес, Қазақстанда 12 млн. гектар тек бидай өсіруге арналған, ал оның жалпы түсімі 600 мың тоннаны құрайды. Ал майлы дақылдарды егуге арналған алаң соңғы 30 жылда 10 есеге артқан. Сонымен бірге елімізде картоп, жүзім, алма, қарақұмық, жүгері, сұлы, арпа, тары және күріш сияқты кең таралған дақылдарды өсіріледі.

Мал шрауашылығы саласына келер болсақ, республикада құс фабрикалары мен ірі қара, оның ішінде жылқы, ешкі, түйе және қой өсіру қарқынды дамуда. Жалпы, тәуелсіздік жылдары Қазақстанда агроөнеркәсіптік сектордың тұрақты дамуында үлкен рөл атқарған 9 бағдарламалық құжат әзірленді.

Мұндай бағдарламалардың алғашқысы - 1991-1995 жылдарға арналған «Ауыл» әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы болды. Бағдарламаның мақсаты – мемлекетте экономикалық және әлеуметтік саясатты жандандыру және ауылдық елдімекендегі жұмысшыларының еңбек өнімділігінің өсуіне қол жеткізу. Сол жылдары елде 8 мыңға жуық ауылдық елдімекен болса, ал колхоздар мен совхоздардың жалпы саны 2449 еді. Кейін ауыл шаруашылығы өндірісін дамытудың 2000-2002 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асырылды.  2003-2005 жылдары осындай іс-шаралардың жоспары әзірленді. Осы бағдарлама аясында бірқатар маңызды тапсырмалар берілді. Сонымен бірге елімізде сол уақытта жеміс-жидек дақылдарын өсіретін бақты қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдау және ауыл шаруашылығы машинасын жасауға қатысты несиелендіруді қамтамасыз ету қажет болды. Осылайша мемлекет басшысының 2005 жылғы Жолдауында аграрлық өндірісті индустрияландыруға ерекше назар аударылды. Құжатта, сондай-ақ, жеке секторлар мен несиелердің ерекше назарын ауыл шаруашылығы шикізатын өндіру және оны қайта өңдеу саласына бағыттаудың маңыздылығы атап өтілді. Аталған бағдарламалардың арқасында, 2011 жылға қарай ауыл шаруашылығы саласында жұмыспен қамтылғандардың еңбек өнімділігі 304,2 мың теңгеден 4098 мың теңгеге дейін өсті, ал орташа жылдық өсу қарқын 9,3%-ды құрады. Қазақстанның ЖІӨ-де ауыл шаруашылығы өндірісінің үлесі 5,1%-ды құрады. Ол кезде ауылдарда жеті миллионнан астам адам тұрған, бұл елдің барлық халқының 45%-дан астамын құрайтын еді.

2010 жылы естеріңізде болса, Қазақстан Ресей және Белоруссиямен Кеден одағына кірді, бұл әлемдік нарыққа интеграциялануға мүмкіндік берді. Аталмыш бастама елдер арасындағы кеден бекеттерін жою арқылы сауданы дамытуға көмек көрсетуге және ауылшаруашылық саласын жаңғырту мақсатында жаңа құралдарды қолдануға жаңа серпін берді.

Сол жылдары мемлекетте халықтың қарқынды өсуіне орай, азық-түлік өнімінің сапасымен оны тұтыну құрылымын өзгерту қажет болды. Осы ретте, Қазақстанның аграрлық секторын дамытудың маңыздылығын ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында бірнеше рет атап өтті. Ол сондай-ақ азық-түлікке деген қажеттілік жыл сайын арта түсетінін және осы саланы дамыту мүмкіндігін жіберіп алмауға болмайтынын мәлімдеді.

Ресми деректерге сәйкес, агроөнеркәсіптік кешеннің жалпы өнімінің көлемі 2007-2011 жылдар кезеңінде 1089,4 млрд. теңгеден 2286 млрд. теңгеге дейін өсті. Басқаша айтқанда, өткен бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы көлемінің өсу қарқыны орта есеппен 20%-ды, ал тамақ өнімдері өндірісі 12,2%-ды құрады.

Осылайша, ауылшаруашылық өнімдерін тұтыну және оны өндіру құрылымы елімізде жаңа деңгейге көтерілді. Ашық ақпарат көздеріндегі деректерге сай, 2015 жылы жұмыртқа мен сүт өндірісі ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен өтеген. 2015 жылдың соңына қарай ауыл шаруашылығындағы барлық жануарлар мен құс түрлерінің мал басының үлесі 10,6%-ды, ірі қара мал 15,1%-ды, қой 15,1%-ды, жылқы 7,9%-ды, түйе 13,1%-ды және құс 17,1%-ды құраған.

Бүгінгі таңда Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені адамның жан басына шаққандағы егістік жер көлемі бойынша әлемде екінші орынды және аумағы бойынша тоғызыншы орынды алады. Бұл фактілер осы саланы дамытуда шешуші рөл атқаратын күшті маңызды фактор болып табылады.

Жалпы, тәуелсіздік жылдары елімізде ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 41%-ға ұлғайды. Ресми мәліметтерге сәйкес, жыл сайын ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттік бюджетке табыстың 38%-ға жуығын береді. Осы салада Қазақстанның барлық жұмыс күшінің шамамен 16%-ы жұмысқа орналастырылған.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында бәсекеге қабілетті экономиканың дамыған ауыл шаруашылығынсыз өмір сүре алмайтынын бірнеше рет атап өтті. Президенттің мәлімдеуінше, елімізде ет, көкөніс, жеміс-жидек, қант, дәнді дақылдар, майлы дақылдар мен сүт өнімдерін өндіру және оны қайта өңдеу бойынша 7 ірі экожүйе құруға болады.

Сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселелері бойынша Жер кодексінің жекелеген нормаларына мораторий енгізу міндеті тұр. 2021 жылдың бірінші тоқсанында елімізде орман және балық шаруашылықтарын есепке алмағанда, ауыл шаруашылығымен айналысатын 563 жаңа ұйым тіркелді. Оның 211-і аралас ауыл шаруашылығымен, 165-і мал шаруашылығымен, 133-і маусымдық дақылдарды өсірумен, 39-ы қосалқы қызмет түрлерімен және 8-і көпжылдық дақылдарды өсірумен айналысатыны белгілі болды.

Бүгінде Қазақстан шикізаттық бағыты бар мемлекет бола отырып, шикізатты әкетуді шектеуге және оны тереңдетіп қайта өңдеуді қолға алуда. Осы орайда, халықты шикізатпен уақтылы қамтамасыз ету және ішкі бағаны тұрақтандыру мақсатында қарақұмық, ақ қант, сарымсақ, пияз және картопты экспорттауға тыйым салынады, сондай-ақ сәбіз, қызылша және бидай квоталары енгізілді.

Тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібін дамытудың тағы бір мақсаты өндірілетін өнімдердің өзіндік құнын төмендету және шикізаттың экспорттық әлеуетін арттыру болып табылады. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін қазақстандық ғалымдар жануарлар мен өсімдік тектес шикізатты кешенді және терең өңдеудің ресурстарын үнемдейтін технологияларды әзірлеуде. Осы ретте, өт қабын өңдеу технологиялары, бие, түйе және қой сүтінен жаңа сүт өнімдері әзірленді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекетте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күшейту бойынша кешенді шаралар қабылдауда. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында тиімді технологияларды енгізуде, соның ішінде мемлекеттік азық-түлік резерві қалыптастырылуда және ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық базасын кеңейтуге қатысты ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Жалпы, Қазақстанда ауыл шаруашылық саласы Тәуелсіздік жылдары қарқынды дамыды. Өткен жылдардың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешенде барлық көрсеткіштерде белсенді өсудің оң серпіні байқалады.

Қазіргі уақытта ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыс тиімділігін арттыру үшін ауыл шаруашылығы саласына ақпараттық технологияларды енгізуді жалғастыруды жоспарлап отыр. Өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдерінің мониторингі, балық және балық өнімдерінің айналымын мониторингтеу және су ресурстарын есепке алу процестері бойынша ұлттық шлюз арқылы ЕАЭО-ға қатысушы елдер мен мемлекеттік органдар жүйелерін интеграциялауға қатысты жұмыс жалғасатын болады.