Тұрғын үй-коммуналдық жағдайларды жақсарту мен жайлы тұрғын үй құру жөніндегі бюджеттік және жеке инвестициялар бойынша, серпінді жобаларды іске асыру үшін, бүгінге бюджеттен 2,9 трлн. теңге көлеміндегі қаражат бөлінді.
Елімізде өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қашан да баса назар аударылып келеді. Осы орайда, «Нұр Отан» партиясының жол картасы мен Мемлекет Басшысының Жолдауында көрсетілген, «Нұрлы жер» бағдарламасын одан әрі жүзеге асыруды көздейтін, «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы жайлы атап өткен жөн. Жоба аясында өңірлерді дамыту жоспары қандай? Алдағы жылдары бағдарлама шеңберінде қандай жұмыстар қолға алынбақ? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу мақсатында, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істер комитеті төрағасының орынбасары Б.А. Качаковпен тілдестік.
Республика бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері қашан да өзекті болмақ. Осы тұрғыда ұлттық жоба аясында қандай жұмыстарды қолға алу көзделіп отыр?
Тұрғын үй-коммуналдық жағдайларды жақсарту мен жайлы тұрғын үй құру жөніндегі бюджеттік және жеке инвестициялар бойынша, серпінді жобаларды іске асыру үшін, бүгінге бюджеттен 2,9 трлн. теңге көлеміндегі қаражат бөлінді. Бұл ретте біз 2025 жылға қарай 977,1 мың адамның тұрғын үй жағдайын жақсартуды, қалалар мен ауылдарда халықтың сумен жабдықтау қызметтеріне 100% қол жеткізуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ, сарқынды суларды тазарту деңгейін және тұрғын үйлерді жабдықталу деңгейін 100% - ға дейін жеткізу жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жобалары бойынша 50 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын болады.
Инфрақұрылымдық даму тұрғысынан қандай нәтижелерге қол жеткізіледі?
«Инфрақұрылымды кешенді дамытудың» 1-ші тапсырмасына сәйкес, келесі жобалар іске асырылатын болады: Біріншіден, 16 мың км сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу, сонымен бірге, 6,7 мың км сумен жабдықтау және су бұру желілерін реконструкциялау, 46 топтық су құбырлары мен ауылдық елдімекендерде су тазартудың 1 129 кешенді блок-модулін орнату жоспарланып отыр. Бұл ретте сумен жабдықтау қызметтерімен 17,7 млн.адам немесе ел халқының 94,1%-ы (ҚР бойынша барлығы 18,8 млн. адам), оның ішінде қала халқының 97,5%-ы (10,6 млн. адам) және ауыл халқының 90,1%-ы (7,1 млн. адам) қамтамасыз етілгенін атап өту қажет. Аталған жұмыстардың барлығы: сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта құру – нысаналы трансферттер, бюджеттік несиелеу және субсидиялау шеңберінде іске асырылатын болады. Екіншіден, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының нөсер кәрізі мен арық жүйесінің 785 км желісін жаңғырту (410 км нөсер және 375 арық желілері) жоспарланып отыр. Жалпы ел бойынша, нөсер және арық желілерін қалпына келтіру көрсеткіші 1 368,87 км-ді құрайды, оның ішінде 875 км Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына тиесілі болып отыр. Үшіншіден, кәріз-тазарту құрылыстарының 53 объектісін қайта құру және салу жоспарлануда.
Ұлттық жоба өңірлердегі тұрғын-үй мәселесін қалай шешпек?
«Жайлы тұрғын үй» бағдарласамасы бойынша бюджеттен 1,9 трлн. теңге қаражат бөлінді. Осылайша, алдағы 5 жылда барлық қаржыландыру көздерінен 103 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. Сол сияқты азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген 235 мың жер учаскелеріне инженерлік коммуникациялар берілетін болады (ауылдық жерлерде - 110 мың, облыс орталықтары мен шағын қалаларда - 125 мың жер учаскелері). Әкімдіктермен әлеуметтік жалдамалы тұрғын үй құрылысын қаржыландыру аяқталады және 2022 жылдан бастап біз жеке тұрғын үй қорындағы жалдау ақысын субсидиялауды және отбасының әр мүшесіне шаққандағы табысы 1 күнкөріс деңгейінен төмен кезекте тұрған 185 адамды қолдауды жоспарлап отырмыз. Бұл тетікте тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы іске қосылады, ол жеке құрылыс салушылардың инвестицияларын тарта отырып, жалға берілетін тұрғын үй пұлдарын қалыптастырады және жалға алушылармен шарттар жасай отырып, тұрғын үй қорын басқарады. Жеке құрылыс салушылардан жер учаскелерін тұрғын үй көлемінің 50%-ын сатып алу немесе жалға алу бойынша кепілдік берілген «оффтейк-келісімшарттарды» беру арқылы тартуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы әкімдіктердің әлеуметтік кредиттік тұрғын үй салуды қаржыландыруын жалғастырады. Алдағы 5 жылда кезекте тұрғандар үшін 86 мыңнан астам пәтер салу жоспарлануда.
Осы жоба аясында отбасы банкіне қандай мәртебе берілмек?
Отбасы банкке ұлттық қолдау институты мәртебесі берілетін болады. Сол себепті отбасы банкі арқылы халықты 2%-бен және 5%-бен жеңілдікпен кредиттеу жалғасады. Ол үшін ұлттық жоба аясында 400 млрд.теңге бөлуді және табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары 63 мың кезекте тұрғандарды қолдаумен қамтуды жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес іске асырылатын жеңілдікті ипотекалық бағдарламалардың тұтас шарттары көзделетін болады.мОл үшін мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес тұжырымдама қабылданғаннан кейін бекітілетін қағидаларды әзірлеу жоспарлануда. 15-18 млн.теңге шегінде кредиттеудің бірыңғай ең жоғары сомасы, алдын ала тұрғын үй заемдары бойынша ең төмен бастапқы жарна 10% мөлшерінде айқындалады, жеңілдікті бағдарламаларға қатысушылардың тізбесі кеңейтіледі және ең төмен күнкөріс деңгейінің шекті мөлшері ұлғайтылады. Отбасы банкі «тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық» арқылы тұрғын үйге мұқтаждардың барлығын жүргізуді, қоюды және есепке алуды, сондай-ақ табыстарға сәйкес қолда бар кезекте тұрғандар арасында қою күні бойынша мемлекеттік қолдау шараларын бөлуді орталықтандырып жүзеге асыратын болады. «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының» базасы мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланатын болады. Сонымен қатар, 5 жылдық еңбек қатынастары бар өз қызметкерлері үшін тұрғын үй салуды ұйымдастыратын жұмыс берушінің шығындарын субсидиялау тетігін енгіземіз. Жұмыс берушілер шығындарының 50% - на дейін өтелетін болады. Жобалар іске асырылатын ауылдардың тізімін мәслихаттар бекітеді. Бұдан бөлек, мегаполис - қалаларда жұмыс істейтін жастар үшін әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй құрылысы жалғасатын болады. Сонымен қатар, өңірлер Отбасы банкімен бірлесіп жас отбасылар үшін жеңілдетілген кредит берудің өңірлік бағдарламаларын бекіту бойынша жұмыстар жүргізуде. Ал, тұрғын үй қорын ұлғайту мақсатында өңірлер «ескі кварталдарды» жаңарту бағдарламаларын қабылдайды және тұрғын үй құрылысының проблемалық объектілерін аяқтау жөніндегі шаралар іске асырылады.
Әңгімеңізге рахмет!