Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу кезеңдері қалай өтуде?

Жоба аясында резервке әлеуетті үміткерлерді іріктеу 6 негізгі кезеңнен тұрады.

Президенттік жастар кадр резервіне  іріктеу кезеңдері қалай өтуде?
Дереккөз: egov.kz

Қазақстанда 2021 жылдың 1-ші қыркүйегінде Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталды. Осы орайда, резервшілерді іріктеу қалай өтеді және ол қандай кезеңдерден тұратынына тоқталып өтсек.

Бұл жоба Тәуелсіз Қазақстанды өркендетуге тікелей өзінің әлеуеті мен күш-жігерін жұмсайтын мемлекеттік қызмет, жеке сектор, соның ішінде әртүрлі ұлттық компаниялар мен холдинг салаларында жұмыс істейтін азаматтарға арналған. Жобаның басты міндеті – зияткер, дарынды жастардың қабілеттілігі мен жауапкершілігін арттыру және мемлекетімізге адал қызмет етуге мүмкіндік беру.

Осы орайда, ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев: «Президенттік жастар кадрлық резервінің негізгі көздеген мақсаты – мемлекеттік аппаратты жетілдіру және басшылардың жаңа буынына жол ашу. Бүгінгі жастар – мемлекеттік басқару жүйесінің болашағы. Әрқайсыңыздан елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтеміз»,- деп атап өтті.

Биылғы Президенттік жастар кадр резервінің негізгі шарты бойынша жоғары білімі бар, жалпы еңбек өтілі кемінде 5 жылды құрайтын, мемлекеттік тілді білу қабілеті орта деңгейден (B1) төмен емес, сондай-ақ 35 жастан аспаған еліміздің азаматтары қатыса алады. Президенттік жастар кадр резервіне арнайы 50 орын берілген.  

Жобаның бір ерекшелігін айта кетсек, яғни ҚР Президенті тағайындаған лауазымды тұлғалар, соның ішінде саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік қызметшілері, сондай-ақ 2019 жылғы Президенттік жастар кадр резервінде тұрған азаматтар биылғы резервтің іріктеу кезеңіне қатыса алмайтынын атап өту қажет. Резервте болу мерзімі – 3 жылды құрайды.

Жоба аясында резервке әлеуетті үміткерлерді іріктеу 6 негізгі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең бойынша биылғы жылы 1-30 қыркүйек аралығында мамандандырылған онлайн-платформада өткізілген президенттік жастар кадрлық резервіне үміткерлердің құжаттарын қабылдау бойынша іріктеудің бірінші кезеңі аяқталғанын атап өткен жөн.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметіне сәйкес,                          2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеуге 8638 үміткер өтініш берген. Ең көп өтінім Нұр-Сұлтан қаласынан – 1540, Шымкент қаласынан – 688, Алматы облысынан – 665 адамнан келіп түсті. Орта есеппен алып қарағанда президенттік кадрлық резервке 1 орынға – 172 адамнан келді.

Президенттік кадрлық резервіне үміткерлер арасында мемлекеттік басқаруды дамыту бағыты ең танымал болғанын атап өту маңызды. Мұнда 2708 өтінім болса, ал екінші орында білім беру жүйесін дамытуға 2303 өтінім, үшінші орында өңірлерді дамыту бойынша 1590 өтінім, кейінгі орындар, соның ішінде ұлттық экономика және сыртқы сауданы дамыту бойынша 790 өтінім, жаңа әлеуметтік саясат 511 өтінім, ішкі саясатты жетілдіру 449 өтінім, денсаулық сақтау жүйесін дамыту бойынша 286 өтінім берілді.

Бұл ретте, 2-9 қазан аралығында яғни екінші кезеңде үміткерлер мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау бойынша екі блоктан тұратын тест тапсырды. Нәтижесінде, кадрлық резервке үміткер болған 8638 адамның ішінен тек 514-і ғана ситуациялық тапсырмаларды шешетін үшінші кезеңге өтті.

Бұл кезең 12-17 қазан аралығында үміткерлердің ситуациялық тапсырмалар түрінде әзірленген нақты күрделі мәселелерді шешуге қатысты көзқарасына баға берілді. Осы кезеңнің нәтижесі бойынша 514 адамның ішінен 235-сі құзыреттерді бағалайтын төртінші кезеңге өтті.

Бұл кезең биылғы жылдың 25 қазаны – 28 қараша аралығында өтеді деп көзделуде. Ең алдымен үміткерлердің құзыреттерін бағалау ассессмент-орталық 25 қазан – 15 қараша аралығында және құзыреттер бойынша сұхбат жүргізу 20-28 қараша аралығында екі блоктан тұратын іріктеуден өтеді.

Ассесмент-орталық арқылы үміткерлердің стратегиялық ойлауы, белсенділік танытуы, қызметті басқаруы, командалық көшбасшылығы, сенімділік сияқты жаңа формациядағы көшбасшыларға тән бірқатар мінез-құлық құзыреттіліктері анықталып, оларға тиісті баға берілетін болады.

Құзыреттер туралы сұхбат кәсіби HR-менеджерлерді тарта отырып, жеке сұхбат түрінде жүргізіледі. Сұхбат үміткерлердің ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді тікелей анықтауға бағытталады. Бұл кезеңнің шарты бойынша 125 үміткер анықталады. 

Бұдан әрі бесінші кезеңде үміткерлер кадр резервінің сарапшылық комиссия мүшелерімен жеке әңгімелесу өткізеді. Бұл кезеңге алдыңғы іріктеулердің қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған және үздік нәтиже көрсеткен 100 үміткер жіберіледі. Бесінші кезең 3-12 желтоқсан аралығында өткізілетін болады.

Жеке әңгімелесу қорытындысы бойынша сарапшылық комиссия ашық дауыс беру арқылы кадр резервіне алуға ұсынылатын 65 үміткерлердің тізімін қалыптастырады және ұлттық комиссияның қарауына жібереді.

Алтыншы кезеңде 13-25 желтоқсан аралығында ұлттық комиссия  отырысының қорытындысы бойынша 50 үміткерді Президенттік кадр резервіне қабылдау туралы шешім қабылдайды және ол ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бұйрығымен ресімделетін болады. Естеріңізде болса, 2019 жылы өткен Президенттік кадр резервіне 300 адам қабылданған еді.