Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Арқалық құс фабрикасын жабуға мәжбүр ету қаланы құртудың алғышарты емес пе?

"500-600 миллион теңге өтемақы алу мақсатында құстарды өз қолымызбен қалайша өлтіреміз? Бұл бізге жарты миллиард теңге шығын ғой. Тұншығып қырылды дегендері жалған. Оны дәлелдейтіндей еш құжат жоқ", - дейді басқару компаниясы директорының бірінші орынбасары.

Арқалық құс фабрикасын жабуға мәжбүр ету қаланы құртудың алғышарты емес пе?
фото: 24.kz

Қазба байлығы сарқылып, онсыз да жұртты жұмыспен қамту қиындаған Арқалықта тағы 250 адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Ондағы құс фабрикасы жұмыскерлерін келер айдан бастап қысқартпақ. Құстары қынадай қырылған кәсіпорынға мемлекеттің өтемақысы да толық бұйырмайтын түрі бар. Соның кесірінен кәсіпорын да жабылып қалудың аз-ақ алдында тұр, хабарлады paryz.kz, "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Фабрика аумағы індеттен толық залалсыздандырылмапты. Ең сорақысы, үйіліп жатқан 70 мыңдай тауықтың өлексесі әлі шығарылмаған. Комиссия не себептен екені белгісіз, әйтеуір, оларға акт жасамапты. Ал екі аптадан соң келгендері "тауықтардың өлексесі сынама алауға жарамсыз" деп уәж айтқан.

"Кіріп жатыр ғой олар. Күніне 2-3 рет кіреді. Келеді, кетеді. Ештеңе шешпейді. Бір ай болды. Бізге жұмыс істеу керек қой күн жылыда", - дейді құс фабрикасының бас директоры Жәмила Исмаилова.

Фабрика аумағында 16 құс қорасы бар. Вирус өршіген тұста олардың ішінде 502 мың тауық болған. Қазір олар бос тұр. Іші залалсыздандырылып, қанаттылар жойылды. Төрт күн бұрын құс қоралардың бірінде 40 мыңға жуық құс болған. Эпизотикаға қарсы республикалық жасақ оларды улап өлтірген. Бір қызығы, бұл әдісті ашық түрде жасапты.

"Олар аммиак төгіп алды. Сөйтіп, төрт адам уланып қалды. Жедел жәрдем қызметін шақырттық. Үшеуіне сол жерде медициналық көмек жасалды. Төртіншісі Арқалық қалалық ауруханасына жатқызылды", - дейді басқару компаниясы директорының бірінші орынбасары Камиль Ахмиев.

Арқалық құс фабрикасы жұмысын тоқтатса, оның зардабын бірінші кезекте осы жерде еңбек етіп, отбасын асырап жүрген қарапайым азаматтар тартаныны анық.

"Жақында үй алғанбыз ипотекаға. Енді соны қалай төлейтінімді білмеймін. Бір айдан кейін жұмыстан босаймыз. Қалада жұмыс жоқ", - дейді құс фабрикасының қызметкері Саяділ Сарқытбай.

Арқалықтағы тауықтардың қырылуын Ауыл шаруашылығы министрлігі де мойындайды. "Вирус қанаттылардың тек жартысын өлтірді" деген пікірде олар. Басым бөлігі вирустан емес, тұншығып өлген деседі. Құс өсірушілер болса, министрліктің бұл пікірімен келіспейді. Желдеткіш істен шықпаған. Істеп тұрғанына тілшілердің де көзі жетті. Бұдан бөлек, кәсіпорында электр таратушы екі қосалқы желі мен автономды жұмыс істейтін электр станциясы да бар.

"500-600 миллион теңге өтемақы алу мақсатында құстарды өз қолымызбен қалайша өлтіреміз? Бұл бізге жарты миллиард теңге шығын ғой. Тұншығып қырылды дегендері жалған. Оны дәлелдейтіндей еш құжат жоқ", - дейді басқару компаниясы директорының бірінші орынбасары Камиль Ахмиев.

Басшыларының айтуынша, фабриканы қалпына келтіру үшін бір жыл уақыт, 1,5 миллиард теңге қаржы қажет. Егер өтемақы толық төленген жағдайда. Мұның сыртында тауық қора мен қоймаларда 2 млн жұмыртқа жатыр. Оларды өткізуге мүмкіндік жоқ.

Сонда бұл биліктің көздеген мақсаты не? Қала халқын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған бір тіршілік көзін жабуға мәжбүрлеу арқылы онсыз да құр сүлдері қалған қаланы қаусатып тынбақ па? Елдің бәрін жан-жаққа тентіретіп жіберуден жоғарғы жақ не ұтады екен сонда?..