Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Шымкентте Айна Бакееваны босатуды талап еткендер түрме алдына жиналды

Сот отырысында Бакеева өз кінәсін мойындаған жоқ. 

Шымкентте Айна Бакееваны босатуды талап еткендер түрме алдына жиналды
фото: дереккөз

Шымкентте әкімшілік қамауға алынғандарды уақытша ұстау изоляторының алдына оннан астам адам жиналып, коронавирусқа қарсы екпеге қарсы сын айтып жүрген дәрігер Айна Бакееваны босатуды талап етті деп хабарлайды Paryz.kz, "Азаттық радиосына" сілтеме жасап.

28 қазанға қараған күні Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты дәрігерді "ұсақ бұзақылық жасады" деген айыппен 10 тәулікке қамауға алу туралы үкім шығарған еді. Ол жазасын өзі тұратын Шымкент қаласында өтейді.

Бакееваны босатуды талап етіп жиналған жұртшылықтың арасында оның туыстарымен қатар жақтастары да болды. Олар қолдарына "Балалардың қорғанышы болған дәрігер Айна Бакееваны босатыңдар!", "Айна, біз сенімен біргеміз!", "Айнаға бостандық!" деген сынды ұрандар жазылған плакаттар ұстап келген.

Біз жалпы вакцинациялауға емес, міндетті екпе салуға қарсымыз. Бұл вакцина әлі сынақтан өткен жоқ. Сол себепті біз оны салдыруға қорқамыз. Осы жайлы шындықты айтып жүрген Айнаны түрмеге қамап қойды. Біз Айна Бакееваны босатуларын талап етеміз! - деді акцияға қатысушылардың бірі Жақсылық Досқайырұлы.

Наразылық білдірушілер мақсаттарына жетіп, дәрігердің түрмеден шығарғанша  арнайы уақытша ұстау изоляторының алдында күн сайын пикет өткізетіндерін жеткізді.

"Сот кабинетінде" жарияланған қаулы бойынша астаналық №58 мектеп-гимназиясының директоры Самал Нұғманова Бакееваны сотқа берген. 
Белгілі мәліметтер бойынша, 5 қазанда Айна аталған мектепке оқушылардың бірінің ата-анасымен бірге келген. Олар мектеп әкімшілігі балаға ата-анасына ескертусіз екпе салып жатқанына сендіреді. Мектеп директоры ата-аналар мен Бекееваның келуіне қарсы шығады.

Нұғманова өз арызында Айна Бакееваның "дөрекілік танытып" сонымен қатар "қоғамдық тәртіпті бұзғанын" жазған.

Сот отырысында Бакеева өз кінәсін мойындаған жоқ.