Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының экстремизм мен терроризмге қарсы жұмысының кейінгі кездегі әрекеті тұзаққа түскендердің тағдыр-тәлейін тарқату екенін айтқанбыз. Ондағы мақсат шындықты көрген көпшілік көлденең құрылған кесапатқа жолықпасын дегендік. Бүгінгі кейіпкеріміз – Сәкен.
Сәкен елуге келген. Жары бар еді. Қазір жалғыз. Бұл жағдайға әкелген арақ. Отыз жыл бұрын қырлы стақанмен қылғытып, құлқынның құмарына төтеп бере алмай ішімдікке салынды. Ақылын әзәзіл жеңіп, шаңырағы шайқалды. Ішкіліктен артық қызық бар деп ойламаған екен, Сәкен, ол кезде... Оны өзі айтады.
Сәкен, Ақтау қаласының тұрғыны: «Арақтың дағуаты болды ғой, бүкіл әлемде. Жұмыс жасағың келсе, жасайсың, жасағың келмесе, жасамайсың. Шынымды айтайын, жұмыс жасағым келген жоқ. Арақ ішуге болмайтынын намаз оқығаннан кейін білдім ғой».
Барынан айырып, бағынан тайдырған арақ Сәкеннің бағытын да байлап тастапты. Мешітке бармады. Дін үйренбеді. Кім көрінгенді ұстаз етті. Көргені көше кезген «Таблиғи-жамағат» ұйымының сауатсыз дағуатшылары болды.
Сәкен осылай дейді. Өзінің адасқанын арнайы теологтармен, психологтармен білікті имамдармен жолығып, сабақ алып, дәрістерге қатысқаннан кейін ғана мойындап отыр. Оған дейін теріс діннің дүмбілез дүрмегінде жүргенде дұрыс дүниені көре алмайтын еді. Өйткені көзі байланған, көкірегі жат ағымның жалған дінімен бітелген.
«Таблиғи-жамағат» ұйымы... Бұлар кімдер? Олар ғылым мен білімге мән бермейді. «Таблиғи-жамағаттың» принципінде ғылым-біліммен шұғылдану жоқ. Ондай талап жоқ. Құран аяттарын, хадистерді түсіндірмейді. Ең кемшілігі де осында! Үш, жеті, қырық күн ел аралап, дағуатқа шақырады. Олардың принципіндегі негізгі талап адамдарға зікірді, ілімді жеткізу дейді. Жалған хадистер айтады. Отбасын қиын жағдайға қалдырады. Қысқаша айтқанда осылай.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бұл ұйымның ұстанымы мен амал-әрекеттері шариғатқа сай келмейтінін мәлімдеген. Әлем сарапшылары да «Таблиғи жамағатты» экстремизм мен терроризмге апаратын дәліз деп есептейді. Себебі істі болған экстремистердің сексен пайызы осы ұйымның шыңдауынан өткен. Бұл топ шетелден басқарылады екен. Қауіпсіздігін ойлаған ТМД елдері сот шешімімен тобырдың жұмысына тиым салған. Қазақстанда да бұлардың жұмысына заңмен тосқауыл қойылған. Соның өзінде өздерінің тұзақтарына түсірген Сәкен секілді құрбандықтары бар. Әлі де астыртын әрекет жасап жатуы мүмкін. Сондықтан жат ағымның құрығына ілініп кетпесін деген сақтық жасап отырған жай... Ендігі кезекте Таблиғи-жамағатқа қалай тиым салынды? Сот айтсын.
Нұр-Сұлтан қаласы, Сарыарқа аудандық сотының судьясы Гүлнара Сермағамбетқызы: «Нұр-Сұлтан қаласы, Сарыарқа аудандық сотының 2013 жылғы 26 ақпандағы шешімімен бұл ұйым экстремисттік деп танылды. Осы шешім негізінде біздің елдегі қызметіне тиым салған. Бұлар исламнан еш хабары жоқ азаматтарды өздеріне тартып, солардың арасында жұмыс жүргізген».
Сәкен сот шешіміне пысқырып та қарамаған, қаймықпаған. Жаңаөзендік жамағатын жиып алып, дағуатын доғармаған. Ол Саид деген лақап атпен айналасына белгілі екен. Оқшауланған топты уысында ұстайды. Ел ішінде ғана емес, сырттағы сыбайластарымен де байланысып тұрған. Бангладеште өткен «Таблиғи-жамағаттың» жиынына барып қайтыпты. Ол жағын да өзі айтты.
Сәкен: «Бангладеште ештеңе үйрене алмадық, шынымды айтсам. Нәпсіме еріп барып, төрт ай бойы қыдырып қайттым ғой. Тек қыдыру болды, менікі. Пайғамбар да, Құдай да жайына қалды, шынымды айтсам. Сөйтіп ауылға фитнә-бүлік алып келдік қой. Дінмен ойнауға болмайды екен. Шайтан араласады ғой, қалайда».
Соттың шешімін елемеу, мемлекетке қарсы болу олардың зайырлылыққа, тарихи-мәдениетке, дәстүр-салтқа, жалпы елге қарсылық қой. Өзге дінге төзімсіз. Тек менікі жөн, менің дінім ғана дұрыс деген дойыр түсінікпен шектелген. Сәкен сияқты қолшоқпарға айналған, кім үшін, не үшін істеп жүрген әрекет екенін білместен бүлікке бүлік қосып жүре берген. Осылайша әлем бойынша радикализмнің, эстремизм мен терроризмнің қозғаушы күшіне айналған.
Ұйымның басты мақсаты – дейді судья Гүлнар Сермағамбетқызы, – ислам дінін таратушымыз деп айтқанымен, түпкі ойы діттеген елде халифат орнату. Бұл сот, тергеу, шешім шығару барысында анықталған жағдайлар. Оның қауіптілігі Қазақстан Республикасының тұтастығына, Конституциялық құрылысына, шекарасына, халықтың ішкі қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуі мүмкін».
Иә, зиянын тигізіп жатыр. Зиянды тиып, зардапты жою үшін мемлекет заң негізінде амал-әрекетке көшетіні белгілі. Сәкен елімізде қара тізімге ілінген экстремистік топтың жұмысын жүргізгені үшін сот шешімімен 2016 жылы төрт жарым жылға сотталды. Онымен бірге әмірлері бар он алты адам жауапқа тартылған. Сәкен болса, ол кезде заңды елемегенін айтады: «Заңға қарамай жұмыс жасай бердік қой. Алланың заңы деп. Ақиқатында ілімім болған жоқ».
Бүгінде жаза өтелді. Сәкен жақында бостандыққа шығыпты. Айналасында баяғы жақындары жоқ. Сыйы қалмаған. Қарайластын жанашыр тағы жоқ. Кәсіп ашып, отбасын құрғысы-ақ келеді. Бірақ Сәкеннің кедергісі экстремизмдердің қара тізіміне ілінгені болып тұр. Қара дақ та бірден кете қалмайды. Ендігі өмірі өзіне байланысты. Өкінгенмен өткен қайтып келмейді. Осындай өкінішке ұрынбас үшін осы бастан сақ болған жөн. Сақтанайық!
(мақала TAU NEWS бейне материалы бойынша дайындалды)
Еділ АНЫҚБАЙ