Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Интернеттен дәлелсіз білім алудың соңы жақсылыққа апармайды

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы экстремизм мен терорризмнің қауіптерін түсіндіруді түрлі тәсілмен жүргізеді. Материал реттік бағыттар бойынша жарияланады. Бастапқыда басынан қиындық кешкен, Шамға көшкен тағдырларға тікелей тоқталғанымызбен, көбінесе қарым-қатынас, қоғам, мемлекет, білім, дін, зайырлылық секілді ірі тақырыптарды талқылауға ден қойдық. Бұл жолы теріс дін тағдырын тәлкекке салған Назымның қателікке ұрынуының себебін сараптап көрсек дейміз...  

Интернеттен дәлелсіз білім алудың соңы жақсылыққа апармайды
Фото взято с сайта smmplanner.com

Мемлекет бір, мәселе ортақ болған соң осы бағытта жұмыс істейтін әріптестердің әлеуетті материалдарын пайдаланамыз. «ТАU NEWS»-тің тартымды топтамалары «Din Almaty» инстаграм парақшасына шығады. Бейне материалда тауқымет шеккен тағдырлар... Адасқан, алданған, арбалған жандар... Тірелген түйін толық шешіле қоймағаны, уақыттың еншісінде тұрғаны қаншама! Көресің, көңіл күйің бұзылады. Жерлес, қандастардың қателіктері қалың ойға жетелейді. Өмірін құртып алғаны-ай деп аяйсың... Тіршілік жүріп жатыр. Тоқтап тұрған жоқ. Қарбаласқан қоғамда  тағы да біреулер тағдырын талқандап алмаса екен деп ойлайсың ғой. Ойлайсың да оқырман да  ойланса екен деп осылай мақала жазасың. Оның үстіне Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының да басты мақсаты қауіп-қатердің алдын алу.

Ақылды адам қателігін түзейді, дана адам қателік жібермейді деген астары терең сөз бар. Бұдан ақылды адам да қателік жасайтынын ұғамыз. Шалыс басып, шатасқандарға мүмкіндік беріп жатқан мемлекеттік мүддені түсіне бастаймыз. Түсінікке келген Назым секілді кейіпкерлердің сүрінген жерін жеткізе айтып, жерлестеріміз жеңіл қарамаса екен деген ескертуді еске сала кеткіміз келеді.

«ТАU NEWS»-тің тарқатуында Назым уағдаласқан уақытта межелі жерге кешікпей келді. Бұл оның алғашқы сұхбаты. Жүзін жасыруды өтінген ол  балаларының болашағы үшін алаңдайды. Отыз екі жастағы келіншек осы сұхбат арқылы Сирияға неге кеттің деген ауыр сұраққа нүкте қоймақ-дейді.        

Жүзін жасыруды өтінгеннің астарында өкініш жатқандай... Балалық шақта да шаттық сәті сирек болыпты. Ішімдікке иіліп кеткен әкенің әркездегі әлімжеттік әрекеті де Назымның нақты, сенімді, дұрыс шешім қабылдау дағдысының дамуын тежегендей. Туған әкеден мейірім көрмеген қыз өгей әкенің жылуын қайдан сезінсін?! Назым: «Мамамның күйеуі үлкен кісі еді. Үй жағдайы бар адамға шыққан кейін, бізді асырау үшін. Әкемнен кетіп қалған еді ғой – дегені күн көрістің қамы үшін күйеуге шыққан ананың аянышты бейнесін көз алдыңызға әкеледі.

Жарынан жақсылықтың дәмін сезбеген соң, Назымның анасы бала-шағасын ертіп, үйінен безеді. Безудің де себебін айтты: «Әкем ішетін. Қатты ішетін. Үйдің берекесін алатын. Берекені алғанда енді сұмдық. Анамды өлтіріп сабайтын. Төбелес, ұрыс-керіс. Береке жоқ, үйде. Ұйқы жоқ. Түнімен үйге қонбаймыз. Көшеде жүреміз. Ақыр соңы әкем мен анам айрылысты. Мамам басқа күйеуге тұрмысқа шықты. Сол күйеуінен бала туып, сөйтіп жүргенде мамам қайтыс болды.

Соққының үстіне соққы алған адамның есті шешім шығаруы екіталай... Анасын жерлегеннен кейін Назым оқуын тастайды. Ал ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Ақбөпе Төлегенова осы тұста қыздардың біліміне байланысты ойын айтып өтеді: «Ер-азамат та, әйел адам да білім алуы міндетті. Ой-өрісінің кең болуы, қадамын аңдап басуы, өмірде бір шешімдерді қабылдауы оның біліміне тікелей байланысты. Ислам дінінде «иқра!» деп басталады, яғни «оқы!» деп басталады және Пайғамбармыз (с.ғ.с.) хадистерінде айтады: «тал бесіктен, жер бесікке дейін ілімді талап етіңдер» дейді. Бұл жерде тек ер-азаматтарға ғана айтылып тұрған жоқ. Әйел мен ер-азаматтарға бірдей айтып отыр».

Адам өмір бойы ізденуге тиіс. Білуге ұмтылу керек. Үнемі дамып отыруға мақсат қойған абзал. Әрбір ісін әдемі үйлестіре білген адам әбігерге түспейді. Бірақ Назым олай істей алмапты. Біріншіден шынайы исламды тани алмаған. Сәждеге жығылып, тұмшаланады. Өзі танитын азаматтың екінші әйелі болуға келісіп, некелеседі. Бірақ әлгі азамат бір айдан кейін Сирияға кетеді.  Осының бәрін көре тұра өтірік әңгімеге тағы сенеді. «Мен естідім. Ол жаққа барсаң баспана береді деп. Сосын Түркияға билет алып кеттім. Ол күйеуіммен айрылсқаннан кейін, бес айдан кейін қазаққа күйеуге шықтым. Ислам мемлекеті деген аты болмаса, іші деген тұнып тұрған бүлік».

Бұл бүлікке де жауап бар. ҚМДБ «Діни оңалту» бөлімінің меңгерушісі. Қанат Алшынбаев: «Қоғамды, дінді бұзу үшін, осындай бүліктер іштен жасалады. Оның ішінде әйелге қатысты мәселе «зомбирование» дейді ғой, туннельге кіргізген, ана жарықты көріп тұрсың ба, соған жет ешқайда қарама! деп миын айналдырып тастайды. Сырттан ақпарат қабылдамайды. Кез келген ағым солай жұмыс жасайды».

Жұмақ іздеймін деп бүліктің ортасына түскен келіншек талай сұмдықтың куәсі болыпты. Ерді ез, қызды күң етіп, таққа таласып, алпауыттармен санасып, ішінен іріп, барды бүлдірген басбұзарлардың надандығы адамды ақылынан адастырады дейді. Кеш те болса адасқанын мойындайды:  «Фитнә кәдімгі. Адасуышылық болды. Жастарға айтарым, интернеттен білім алмасын. Интернеттен дәлелсіз білім алудың соңы жақсылыққа апармайды».

Екі жылдан аса уақыт теологтармен кездесіп жүрген келіншек бүгінде әкесін кешірді. Ал әкесі қызы мен екі немересін жанына алды. Әкесі ақылын араққа алдыртпай, тәрбие бергенде Назым да Шам жеріне кетпес пе еді...Кім білсін?! Енді өткенді айтып өкіне бермей, болашақтағы дұрыс қадамды ойлау керек. Сақ болайық! Сақтанайық!

 Еділ АНЫҚБАЙ