Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Қателік қапасқа қамайды: Алматыда халықты теріс діни қауіптен сақтау басты назарда

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы халықты теріс діни қауіптен сақтау үшін  барын салып келеді. Экстремизм мен терроризмнің алдын алуға байланысты жасап жатқан жұмыстарының форматы сан түрлі. Осы жолы адасқан Аманбекті мысал ету арқылы көпшіліктің көзін аша түсуді жөн көрдік.

Қателік қапасқа қамайды: Алматыда халықты теріс діни қауіптен сақтау басты назарда
Фото almaty.tv сайтынан алынды

Осыдан он жылдай бұрын еліміздің батыс өңірінде жат ағымның белең алып кеткенін көпшілік ұмыта қоймаған болар. Ақтөбе мен Атырауда ақилардың әрекеті көпшіліктің көңілін нілдей бұзып, жан түршігерлік тірліктері қалың елді қатты алаңдатқан еді. Бүгінде жазасын өтеп жатқан Аманбек те сол дүрмектің ішінде дүмбілездікпен адасқанның бірі еді. Оның  соңғы сегіз жыл бес айы қатаң режимдегі түрмеде өтуде. Әлі өтелмеген мерзім – алты жыл сегіз ай. Ол мұсылмандықты шолақ балақ, қаба сақал деп ұғынды. Ұғымын улап, санасына саяздықты сыналап кіргізгеннен ол жиһад деп ұрандатты. Діннің атын жамылған таныстарымен бірге елдігімізге қатер төндірді. Тыныш елді ұйқысынан жарылыспен оятпақ болғаны үшін Аманбек қылмыстық кодекстің бес бірдей бабымен айыпталды. Көкірегін көң, көзін шел басқан Аманбек ол кезде исламды басқаша түсінгенін мойындап отыр: «Сол кездегі түсінігім бойынша мұсылман дегендер түрмеде отырғандар, басқа да бейбіт өмір сүріп жатқан мұсылмандарға қысымшылық жасау. Ашу-ыза деген болды, әділетсіздік. Тәртіп жоқ ешқандай деген секілді түсінік болды, менде. Менің ақидам – бағытым бойынша бәрі теріс болып көрінді»- дейді.

Өмірде кездесетін көп жайттың бірі – бала күнінде саналы тәрбиенің сіңбегенінен шалыс басып, қиыс кетіп жататындар. Аманбекте сол тәрбие шала болғандай. Ол ата-анасынан ерте айрылыпты. Соңынан ерген бауыры бар екен. Мейірімге қанбай қалған көңіліндегі бос кеңістікті дінмен толтырғысы келген. Алайда Аманбектің жолы жалған діншілдермен түйісіпті. Сәждеге жығылған жылы Аманжолдың мінез-құлқы өзгеріп, туыстарымен байланысты үзіген. Есесіне зайырлылықты тағуд деп айыптайтын топпен етене жақын араласады. Бұл 2011 жыл –  елдің Батыс өңірінен маза кетіп тұрған уақыт еді. Сол кезді пайдаланған шибөрілер құзырлы органдардан кек алуды жоспарлайды. Көкірекке кек қайдан келді? Оған итермелеген не? Себебі қандай? Бұл сауалдарға жауапты  Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаевтың пікірінен тапқандай болдық: «Радикалдар, соған бейім адамдар көбіне сыртқы формамен дінді шектейді. Дінді жатып-тұру, таңнан кешке шейін аш қалу немесе киіммен байланыстырады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сөзі бар: «Суреттеріңе, сыртқы кейіптеріңе қарамайды. Сендердің ішкі жан-дүниелеріңе қарайды. Жан-дүниелерің таза болса, көркем мінез-құлық дейді ғой, міне осыдан туындайды».

Өкініштісі осы. Олар сыртқы формаға көбірек мән берген. Өйткені көкірегі мен көзі байланған. Адамзаттың асылы – Мұхаммед пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен хадистің астарына үңіліп жатқан олар жоқ. Жалған ұран, алдамшы ақидаға ілесіп жүре берген.  Өздерінің не үшін, кім үшін құрбан болғандарын да білмей кеткен қыршындар қаншама.

«Атырау қаласына рамазан айында қонаққа бардым. Осы істің бәрі қыркүйек айының орталарында басталды. Өз-өзіне қол жұмсағандар болды. Қалалық ІІД-не шабуыл жасалды. Бұл Құлсары бойынша болған оқиғалар.  Ауызашарда танысқан жігіттер,сол жердегі балалардың бәрі құрбан болды.

Міне, жалған дін мен жалаға ереміз деп құрбан болған. Теолог Төлеген Талдыбаев мұндай адасудың бірнеше факторларын атап өтті: «Батыста бірнеше факторлар бар. Бірінші факторды былай айтар едім. Батыс Қазақстанға тікелей Халидің әсері. Екіншіден батыстық менталитет бар. Қызуқандылық бар. Кез келген ақпаратты ақылмен қорытпау бар. Үшіншіден сауатсыздығымыз да бар».

Иә, теологтың айтқан факторларға байланысты сөзінің жаны да бар. Ең бастысы сауатсыздық.  Аманбек  іс-сапарда жүргенде таныстары қылмысқа барды, жарылыс жасады. Қыршын жандарын өздері қиды. Көп ұзамай Аманжол мен серігінің білегіне кісен салынды. Қазір отыз үш жастағы азамат Аманбаевтар әулетінің сүйегіне түскен таңбамын деп күйініп отыр. Күйінгенмен кеш. Істегенді мойынмен көтертетін заң бар. Кім де болса, жаза басса, жапа шегеді. Аманбек те сол жаза басып, жапа шеккен жүздеген адамның бірі ғана. Егер ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы айтқан ақыл-кеңеске мән бермесе, мұндай олқылық әлі де кетіп қалуы ықтимал: «Бірінші оны ата-анасынан, туған-туысынан, дәстүрінен, тілінен,  жерінен бездіргеннен кейін оның  адам болуы қиын. Ағашты діңгегінен кесіп алғаннан кейін шоқпарға айналады ғой. Сол сияқты кімнің болсын қолшоқпары болады ғой. Біз негізі бақытты елміз. Осыны басқалары түсінбей жатыр. Бірінші дініміз, екінші дәстүріміз, үшінші тіліміз, төртінші тарихымыз, бесінші жеріміз. Осыған махаббаты бар адам болса, дін мен дәстүрді қатар ұстанса, ол нағыз мұсылман болады. Ондай адам ешкімнің жетегінде кетпейді. Осылардың бір жерінен кемшілік болса, ауытқып кете береді».

Өзегінен ажыраған адамға өзгенікі өнегедей көрініп тұратынын өмір көрсетіп отыр. Өзіңді-өзің танымасаң, өзгенің қаңсығына тап боласың. Аманбек бұны бүгін түсінген: «Псевдосалафизм деген исламды  бұрмалау.   Шынайы дін бейбіт жолмен тараған. Қазір зорлық-зомбылық көбейіп кетті. Псевдосалафизм идеяларының негізі дәстүрлі исламға қайшы нәрселер».

Кеш те болса, ес жиғаны жөн болған. Әттең, дер кезінде тоқтағанда бір тағдыр болса да түзу жолға түсер еді-ау дейсің... Бірақ  ол дінді желеу етіп, қылмысқа барған лаңкестерді де  тоқтатпады, өзі де тоқтамады. Оны тоқтатқан ұзын құрық. Мемлекеттің құрығы болмаса, тағы қанша жерді лаңдайтыны белгісіз. Зұлымдық оның қапасқа қамалуына себеп болды. Аманбекке он бес жыл жаза кесілді. Бұл уақытта ол оңала ма?   Таңдау өзінде. Өмір көрсетеді, уақыт безбендейді. Бұл қателік көпшілікке сабақ болса керек. Әр қадам ойланып басылуға тиіс екенін еске алып тұрған абзал. Сақ болайық! Сақтанайық!                                                                                 

 Еділ АНЫҚБАЙ