«Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту орталығы» АҚ өкілдері Орал қаласындағы ПИК және МИБ төрағалары, қауымдастықтар мен пәтер және тұрғын емес үй-жайлар иелерімен кездесіп, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласындағы жаңа реформалар мен көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа форматын түсіндірді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, 2020 жылы күшіне енді. Заң жүзінде қабылданған құжат саладағы негізгі түйткілдерді шешпек. Бұл ретте «Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» қағидаты бойынша меншік иелері бірлестігін құру көзделді. Орал қаласында 1247 көппәтерлі тұрғын үй бар. 106 пәтер иелері кооперативі жұмыс жасайды. Жаңаша форматта жұмыстанатын 23 мүлік иелері бірлестігі, 870 жай серіктестік құрылған. Жалпы көрсеткіш 53 пайызды құрайды. Дегенмен, әлі де түсінік жұмыстары қажет. Орал қаласы әкімдігінде өткен кездесуде мамандар жаңаша бағыттағы бірлестік құрудың артықшылығы туралы айтып берді.
– Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың иелері басқарудың екі формасының бірін таңдайды – мүлік иелерінің бірлестігі немесе қарапайым серіктестік. Қарапайым бірлестік 20-30 пәтерлі түрғын үйлер үшін қолайлы, ал негізінен 30 пәтерден асатын тұрғын үй болса, мүлік иелері бірлестігін құруды ұсынамыз. Тұрғындар таңдауымен сайланған мүлік иелерінің төрағасы басқару қызметін өзі атқарады. Бұл үшін негізінен жұмыссыз, жауапкершілігі мол, белсенді азаматты таңдаған жөн. Ол мүлік иелері бірлестігі атынан сервистік компаниялармен келісім жасауға, тұрғын үйді күтіп ұстау немесе жөндеу бойынша атқарылған жұмыстар актісін қабылдап, қол қоюға және ақысын төлеуге құқылы болады. Жиналған қаражат тұрғындардың өз бақылауында болады, – деді «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту орталығы» АҚ өңірлік даму және әдіснама департаментінің директоры Марғұлан Әбдікәрімов.
Сонымен қатар «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту орталығы» АҚ төрағасының орынбасары Нұрбек Серіков көппәтерлі және жеке тұРғын үйді басқару саласын цифрландыруға тоқталып, бұл ретте республиканың барлық тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын цифрландыруға мүмкіндік беретін ауқымды жоба іске қосылғанын жеткізді.
– «Е-Шаңырақ» жүйесі Е-zhkh.gov.kz домені бойынша орнатылды. Платформа 16 қыркүйекте іске қосылып, тәжірибелік нұсқада жұмыс жасауда. Мұнда жинақталған деректер саланың ашықтығын арттырып, бәсекелестік нарықты қалыптастырады. Әлі де толықтырылып, дамыту қажет. Осы ретте пайдаланушылардың ұсыныстары ескерілетін болады, – деді Нұрбек Нұржанұлы.
БҚО ПИК қауымдастығының төрағасы Нұрлан Шабдаров саладағы күрмеулі мәселелердің шешу жолдарын ойластыруды ұсынды. ПИК өкілдері тарапынан бұған дейінгі ПИК-тердің ресми түрде жұмысын тоқтату және жаңа форматта жұмысын бастайтын бірлестікті тіркеуге қатысты сұрақтар көтеріліп, мамандардың жауаптары тыңдалды. Сонымен қатар қызмет тарифінің төмендігі, жұмыстың жүйесіне қатысты мәселелер қозғалды.
Томирис СҰЛТАН