Орал қаласына қарасты төрт округтің бірі – Желаев ауылдық округі тұрғындары санақта азаматтық белсенділіктерін көрсетті. Осылайша, мерзімінен бұрын санақ жұмыстарын аяқтап отыр.
Округтегі 725 адам санақтан онлайн түрде өткен. Интервьюерлер Кәмшат Жұмағалиева мен Анаргүл Сағитова үйлерді аралау барысында 1707 адамды тіркеген. Желаев округінің ең жасы үлкен тұрғыны — 85 жаста.
– Ауқымды науқан халықтың нақты санын, жасы мен гендерлік құрамын анықтауға мүмкіндік береді. Санақ нәтижелері арқылы экономикалық болжамдар жасалады. Желаев селолық округінің тұрғындары халық санағында белсенділік танытты, — дейді округ әкімі Арман Бисембалиев.
Айта кетейік, елімізде халық санағы жалғасуда. Интервьюерлер 30 қазанға дейін санақ парақтарын толтыру үшін үй-жайларды аралайды. Тұрғындарға sanaq.gov.kz сайты арқылы да онлайн сауалнамадан өтуге болады.
Томирис СҰЛТАН