Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Оралда саябақтар мен тынымбақтар дирекциясы құрылды

Қала әкімінің қаулысы негізінде құрылған дирекция шаһардағы саябақтар мен тынымбақтарды күтіп-баптау, жасыл желектерді қорғауда жұмыс жасайтын болады.   Қазіргі уақытта саябақтар мен алаңдардың құжаттары дайындалуда және рәсімдеу жүргізілген соң дирекцияға берілмек.

Оралда саябақтар мен тынымбақтар дирекциясы құрылды
Фото: Томирис СҰЛТАН

Орал қаласы аумағында 50-ге жуық саябақ пен тынымбақ бар. Саябақтар мен алаңдар дирекциясының директоры Жасұлан Сакенов атап өткендей, мақсат – бір орталыққа біріктіру арқылы басқаруды жеңілдету және қараусыз қалған аумақтарды қайта  қалпына келтіру, көгалдандыру.

  – Жасалатын жұмыстар көп. Қазақстан Республикасының заңнамалық құжаттарына сәйкес әр қала тұрғыны үшін 10  шаршы метрлік жасыл аумақ  есептеледі. Біздің қаламызда 330 мыңдай халық бар, демек саябақтарымыздың да жалпы аумағы 330  мың гектар болуы керек. Қазіргі уақытта  дайындалып жатқан 44 саябақ-тынымбақтың  жалпы аумағы – 79,5 гектар ғана. Халық тынығып, бой сергітіп, серуендейтін саябақ пен тынымбақтар әр тұрғынға қолжетімді жерде болуы маңызды. Ешқандай көліксіз бара алатындай болуы  тиіс,  – дейді  Жасұлан Нұрлыбекұлы.

 Әрине, әр саябақты күтуге жұмысшылар қажет. Осы орайда дирекция тарапынан қалалық жұмыспен қамту орталығына сұраныс жолданған. Жаңа жылдан бастап дирекция қосымша штаттар ашып, саябақтар мен тынымбақтардың тазалығына  жауапты жұмысшылар, ландшафттық дизайнерлер, эколог, биологтарды жұмысқа қабылдайды.

Томирис СҰЛТАН