Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Оралда балалар үйінде тәрбиеленгендер баспанамен қамтамасыз етуді талап етті

Қазақстанда балалар үйінен шыққан адамдар баспана мәселесін жиі көтереді.

Оралда балалар үйінде тәрбиеленгендер баспанамен қамтамасыз етуді талап етті
фото: дереккөз

Оралда "Шаңырақ" жатақханасында тұрған балалар үйінен шыққан ондаған адам заң бойынша өздеріне тиесілі пәтер беруді талап етті. Ата-анасыз өскен адамдар дүйсенбі күні Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне бармақ болған, алайда билік өкілдері "Шаңыраққа" өздері барды деп жазады "Азаттық радиосы".

Бізге бірінші рет осылайша назар аударып жатыр, — деді шенеуніктердің келуі жөнінде пікірін айтқан "Шаңырақ" тұрғындарының бірі Менсұлу Танташова.

"Шаңырақта" жүзден астам адам тұрады. Көбі үйлі-баранды болып кеткен, бірақ әлі күнге дейін баспанаға қол жеткізе алмай келеді.

2011 жылдан бері баспанада кезекте тұрмын. Пәтерді жалға алу бойынша қазір алдымда 600-ден астам адам бар. Оны қашан алатыным белгісіз. Мұнда 2015 жылдан бері тұрып келе жатырмын, оған дейін пәтер жалдағанмын. Шынымды айтайын, жылына үш-төрт адам ғана пәтер алады. Талай рет әкімдік, Білім басқармасына бардық, бірақ нәтиже жоқ. Әбден тозған, апатты ғимаратта тұрып келе жатырмыз, — деді Танташова.

Оны "Шаңырақтың" өзге тұрғындары да қолдады. Көбі 12 шаршы метрлік пәтерде отбасы мен балаларымен тұрып жатыр. Бір қабатта бір ғана дәретхана, су алатын бір раковина ғана бар.

Наразылар биліктен баспана мәселесін шешіп беруді талап етті. Қала әкімінің орынбасары Мирас Мұлқай "мәселені комиссия шешеді" деді. Ол жатақхананың бірнеше тұрғынын комиссия құрамына кіруге шақырды.

Жыл сайын "ата-анасыз балалар" категориясы бойынша 20-25 пәтерді жалға береміз. Қазір "Шаңырақ" тұрғындарын жаңа пәтерлерге көшіру мәселесі тұр. Оның екі жолы бар: жеке баспана беру немесе жаңа жатақхана салу. Қай бағытта жұмыс істейтінімізді анықтап, шешім қабылдауымыз керек, — деді Мирас Мұлқай.

Оның сөзіне қарағанда, Оралда балалар үйінен шыққан 1889 адам баспанаға кезекте тұр. Дегенмен "кезек неге баяу жылжып жатыр" деген сұраққа жауап бере алмады.

Қазақстанда балалар үйінен шыққан адамдар баспана мәселесін жиі көтереді. Билік әдетте әлеуметтік баспананы пайдалануға беру қарқыны сұранысқа байланысты төмен екенін, сол себепті мыңдаған адам пәтер кезегінде тұрғанын айтады.