Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Елордада мүгедектігі бар азаматтар наразылық білдірді

Халықтың базынасын тыңдаған министрлік енді іске көшеміз деп сендірді. Алайда, наразы топ мәселе шешілмейінше, наразылықты жалғастыра береміз деп бекініп отыр. 

Елордада мүгедектігі бар азаматтар наразылық білдірді
фото: видеодан скриншот

Еліміздің әр аймағынан келген бір топ мүгедектігі бар азамат Еңбек министрі Серік Шәпкеновтың отставкаға кетуін талап етті. Айтуларынша, мемлекеттен берілетін жәрдемақымен баспана алмақ түгілі, күн көру қиын. Жылдар бойы тұрған пәтердің кезегі де жылжымайды. Бұл мәселені айтып азаматтар бұған дейін де бір емес бірнеше мәрте министрге жүгінген болатын. Дегенмен олардың алдына министр шыға қоймады деп хабарлайды Paryz.kz, 31-телеарнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Ашынған халық берілетін жәрдемақы ішіп-жемнен артылмайды дейді. Сондықтан әр өңірден жиналған азаматтар жәрдемақыны екі есе көбейтіп, үйді мемлекет қаржысынан басыбайлы берсін деген талап қойды. 

Бізге мүгедектерге міндетті түрде баспана беру керек. Біз соны талап етеміз. Бүкіл әлемде мүгедектердің жағдайы әлдеқайда жоғары. Біз әлі 35 мың теңгенің арғы жақ, бергі жағында жүрген халықпыз, – деді мүгедектігі бар азамат Нұрлан Алтынбаев. 

Ал елордалық Майраның отбасында үш бірдей мүгедектігі бар азамат өмір сүреді. Жеткіліксіз жәрдемақыдан бөлек, қаланың көп жеріне арнайы пандустар қойылмағанына қынжылады. Мүгедектер мәселесімен билік басындағыларға сан мәрте  барыпты. Бірақ сұрағы  әрдайым жауапсыз қалады. 

Не деген сұмдық. Алла біздерді мүгедектерді биліктегі көшбасышыларға, елбасымызға аманат етіп тапсырды ғой. Аманат болған соң халыққа дұрыс көзбен қарау, талаптарын орындау, ең болмаса, мәселесін оңтайлы жеңіл шешіп беру керек қой. Қиын жағдайдамыз, –  дейді мүгедектігі бар әйел. 

Аурулары жанға батып, суыққа тоңса да министр Серік Шәпкеновтың шығуын күтті. Алайда, бір сағат өткен соң министрдің өзі емес, кеңесшісі келді. Шыңғысбек Сұлтанбеков әр азаматтың мәселесі жеке қаралады деп отыр. 

Бұл сұрақтардың бәрі бір күнде шешілмейді. Оның бәрін отырып, талқылап, жұмыс тобымен шешуге болады. Бұл азаматтар жәрдемақыны  300-400 евроға көтерсін деп отыр. Жұмыс тобын құру керек, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Шыңғысбек Сұлтанбеков. 

Ал жиналғандар жауабына қанағаттанбай, осындай құрғақ уәдеден мамыр айынан бері мезі болдық дейді. Айтуларынша, қымбатшылық қысып тұрғанда мемлекеттің аз ақшасы ешқандай жыртығын жамауға келмейді. Денсаулығы жарамағандықтан бұл азаматтардың көбі жұмыс істей алмайды.  

Халықтың базынасын тыңдаған министрлік енді іске көшеміз деп сендірді. Алайда, наразы топ мәселе шешілмейінше, наразылықты жалғастыра береміз деп бекініп отыр.