Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Литрі 120 теңге тұрады": Алматылық тұрғындар 20 күн бойы ауызсусыз отыр

Алайда жергілікті тұрғындардың мәселесі тек ауыз суда ғана емес.

"Литрі 120 теңге тұрады": Алматылық тұрғындар 20 күн бойы ауызсусыз отыр
фото: видеодан скриншот

Алматы облысы Іле ауданындағы "Береке" саяжайының тұрғындары 20 күн бойы сусыз отыр. Ауыз судан тарыққан тұрғындар тіршілік көзін сатып алуға мәжбүрміз деп шағымданады деп хабарлайды Paryz.kzХабар 24 телеарнасына сілтеме жасап.

Саяжай маңындағы тұрғындардың ауыз судан тарығуы бірнеше жыл бұрын пайда болған. Ал қазіргі ағып жатқан су құм мен балшық аралас дейді олар. Екі мың адам үшін қазір судың әрбір тамшысы алтынмен тең. Егер бұған дейін араға үзіліс салып беріліп тұрған болса, ал 20 күн бұрын толығымен өшірілген. Енді тұрғындар суды өздерінің құдығы бар көршілерінен сұрауға немесе бірнеше сағаттық жолды артқа тастап қалаға баруға мәжбүр.

Ауыз суды сатып алып отырмыз. 3 литр судың бағасы 360 теңге. Менің отбасым 7 адамнан тұрады. Енді есептеңіз, күніне жәй су ішу үшін 6 бөтелке қажет. Отбасында 5-7 адамнан тұратын кез келген қарапайым отбасы қара сусыз бір күн өмір сүре ала ма? - дейді "Береке" саяжайының тұрғыны Ләззат Нұрғасинова.

Үйлерге су құдықтан келуі қажет болған. Ол осыдан 19 жыл бұрын салынған. Сумен қамтамасыз етуге жауапты жеке кәсіпкер Серік Бейсенов ауыз су мәселесінде біршама кедергі бар екенін мойындайды. Енді ол геофизикалық зонд көмегімен зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Ол осылайша ауызсу мәселесінің шешімін табатынына үмітті.

Барлық зерттеу нәтижелері анық болуы үшін су кем дегенде бір апта тұнуы керек. Осы себепті де біз суды өшіріп қойдық. Құдықтың тереңдігі 362 метрді құрайды. Әр метр үшін менің мамандарға бір жарым мың теңге төлеуім қажет, - деп түсіндіреді жеке кәсіпкер Серік Бейсенов.

Алайда жергілікті тұрғындардың мәселесі тек ауыз суда ғана емес. Мұнда электр жарығы да өшіп-жанып тұрады. Саяжай массивінің төрағасы мұның бәріне мән бермейді, дейді жиылған халық. Ал жергілікті билік бұл мәселені бірінші рет естіп тұрмыз деп ақталады.

Мен осында, дәл "Береке" саяжай кооперативінде су, жарық мәселесі бар дегенді бұрын-соңды естімеппін. Енді барлық жәйтті төрағамен бірге пысықтайтын боламыз. Егер төраға шынымен де өз тұрғындарына көмектескісі келсе және бізбен ынтымақтастыққа дайын болса, онда ешқандай сұраққа орын жоқ. Біз де өз тарапымыздан кейбір құжаттарды рәсімдеу секілді әрекеттермен көмектесеміз, - дейді Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі Жасұлан Оңалбаев.

Саяжай төрағасының көмекшісі Нұржан Ибрагимов су мәселесі 10 күннің ішінде шешіледі деп уәде берді. Ал бұл уәде орындалғанша тұрғындардың күтуден басқа лажы болмай тұр.