Таяуда Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы пластикалық қалдықтарды өңдеуге арналған цехты іске қоспақ. Онда жылына 3 мың тоннаға дейін пластикалық қалдық өңделеді. Болашақта бұл көрсеткіш 5 мың тоннаға дейін жеткізілмекші.
- Шикізатты тұрғындардан, қаладағы супермаркеттерден аламыз, қоқыс полигонындағы полиэтилен қалдығын, пластиктің барлық түрін пайдаланамыз. Тек пластик бөтелкелерді өңдей алмаймыз. Себебі оны өңдеуге жоғары қысымды басқа жабдық керек. Оралда қатты тұрмыстық қалдық түрлеріне арнайы жәшіктер қойылған. Сондағы қалдықты қабылдаудамыз, тұрғындардан да пластик қалдықты сатып алынады, - деді аталмыш компанияның директоры Валерий Крылов.
Пластикалық қалдықтан тауар жәшіктері, ауыл шаруашылығы саласына қажет жабдықтар, соның ішінде жылыжайға арналған қаптамалар, тамшылата суару жабдықтары, кабельдің сыртқы қаптамасын шығарылады. Жоба бойынша алғашқы өнім жасалған, қазіргі кезде зертханада сынақтан өткізілуде. Маман-технологтар жаңа өнімнің сапасын жақсарту бағытында жұмыс істеуде. Компания Ресейден, Германиядан мамандарды шақыртқан. Олар зауыт жұмысшыларын оқытып, жаңа жабдықтармен жұмыс істеуге үйретіп жүр.
Компанияның директорының сөзінше, мемлекеттің қолдауынсыз жобаны жүзеге асыру қиынға соғар еді. Яғни «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Қазақстан халық банкі» АҚ-дан алған несиесінің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланған. «Даму» қоры қолдау көрсеткен.
Айта кетейік, қазір елімізде пластикалық қалдықты терең өңдейтін екі зауыт бар, бірі – оңтүстікте, екіншісі Нұр-Сұлтан қаласында. Оралдағы өндіріс орнында Германияның, Англияның, Ресейдің, Қытайдың кешенді жабдығы, үш технологиялық желі қойылды. Жаңа өндірістік кешенде 40 жұмыс орны ашылды. Алдағы жылы жұмысшылар санын 150-ге жеткізу көзделіп отыр.
Жұбан МҰРАТ