Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Іле-Алатау ұлттық паркін жаңалауға қаржы жетпей жатыр

Ұлттық саябаққа келушілердің биыл үш есеге азайып кеткен.

Іле-Алатау ұлттық паркін жаңалауға қаржы жетпей жатыр
Фото: azattyq ruhy

Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркін жаңалау мен ондағы қызметкерлерді қажетті құралмен қамтуға қаржы жетіспейді. Ал ұлттық паркке  келушілердің саны биыл үш есеге азайып кеткен, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

Паркке жауаптылар қаржы жетіспегендіктен, абаттандыру-көркейту жұмыстарына еріктілер мен инвесторларды іздейтіндерін айтады. Таулы қыраттарды аралап, туристерден қалған қоқысты жинайтын, парктің тазалығы мен табиғатына жауапты жұмысшылардың айлығы да тым аз. Демалушылар болса, жүрген жерлерін бүлдіріп кететін көрінеді. 

Биылғы жылдың 8 айында мемлекеттік ұлттық паркке 117 мыңнан астам турист келіп, олардан 23 474 400 теңге түскен. Бұл - өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда екі жарым есеге аз. 

"Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағына 2020 жылдың 8 айында 117 372 демалушы келген.  2019 жылы келген туристердің саны - 309 001 адам.  2019 жылы түскен түсім 61 800 378 теңгені құрайды. Ұлттық парктің арнайы шотына түскен қаржыдан техникалық қызметкерлерге, бақылап өткізу бекеттерінің инспекторларына, мерзімдік жұмысшыларға, эколог-ағартушыларға және т.б. қызметкерлерге жалақы төленеді. Олардың орташа жалақысы 80 000 теңгені құрайды", -деді "Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі" РММ баспасөз қызметі. 

Ал ұлттық паркке кірген әрбір адам 477,8 теңге төлеуге міндетті. Оның 277, 8 теңгесі министрліктің, қалған 200 теңгесі ұлттық парктің арнайы шотына түседі.  Ұлттық парк құрылғаннан (1996 жылы - ред) бері ондағы 123 жер участкесі  ұзақ мерзімге (49 жылға), таулы өлкедегі 38 жер участкесі қысқа мерзімге (5 жылға) жалға беріліп кеткен. Ол жерлерден жыл сайын түсетін кірістің көлемі 39 миллион теңге ғана. 

"Сынған, бүлінген үстел-орындықтар, жолсілтеуіштер, банерлер, қоқыс жәшіктері, әжетханалар жаңартуды қажет етіп отырады. Жалақыдан артылған қаржы осындай абаттандыру-көркейту жұмыстарына кетеді. Сондай-ақ, коммуналдық қызметтерге, экологиялық, табиғатты қорғау іс-шараларына және қажетті құрал-жабдықтармен (компьютер, принтер, кеңселік заттар, тазалық заттары, жиһаздар мен кеңселердің жөндеу жұмыстарын жүргізу)  қамтуға қаржы жеткізу керек. Осындай іс-шаралардың барлығын жүйелі түрде жыл сайын қамтып отыруға қаржы толық жете бермейді. Сол үшін кейбір абаттандыру-көркейту жұмыстарына ерікті табиғат жанашырларының, инвесторлардың көмегіне жүгінеміз", - деді ұлттық парктің бас директоры Д.Малгелдиев.