Оралда жаңа демалыс орны пайдалануға берілді

Оралда жаңа спорттық туризм базасы пайдалануға берілді. Ашық аспан астында орналасқан туристік кешенде балалар мен ересектердің  уақытты пайдалы, қызықты өткізуіне жағдай бар.  

Оралда жаңа демалыс орны пайдалануға берілді
Фото: Томирис СҰЛТАН

Базаны жасақтау үшін бұл аумақ өткен жылы мемлекеттік орман қорынан алынған. Жалпы көлемі – 7 гектар. Орман алқабын бастапқы қалпында сақтау талабымен 10  жылға жалға беріліп отыр.

«Орал» спорт клубының туристік базасы саналатын бұл орында тұрғындардың емін-еркін спортпен айналысуы үшін барлық жағдай жасалған. Жаяу және экстремалды спортқа арналған  құрал-жабдықтар, серуен құру үшін велосипедтер, қайықтар да табылады. Бұл базада жазғы спорт түрлерімен қатар қысқы спортты дамытуға  көңіл бөлінбек. Ал басты нысан – арқанды саябақ.

–  Туризм нұсқаушылары маршруттарды зерттеді, жаттығулар жүргізіп, жарыстар өткізу жоспарда. Екі әдіскер-нұсқаушы жұмыс жасайды, – деді спорттық база меңгерушісі Бауыржан Алтаяқов.

 Жаңа демалыс орны бір ай ішінде құрылып, тапсырылып отыр. Су тартылып, жарықтандырылған. Спорттық туризмге арналған 18 кезеңді кедергілер орнатылған. Бұл – жобаның бірінші кезеңі бойынша атқарылған жұмыстар. Қалалық дене шынықтыру және спорт  бөлімі басшысы А.Шерғалиевтің айтуынша, екінші кезеңде тұрғындардың ұйымдастырылған орында суға шомылуына жағдай жасау үшін жағалауды дайындау көзделуде.

Томирис СҰЛТАН