Таяуда Орал қаласындағы 8-9-сыныптардағы мектеп оқушылары ҚР ҰҚК № 2029 шекара жасағына қарасты "Орал" шекара бекетінде болды.
Шекара бекеті бастығының орынбасары, аға лейтенант Арлан Абдыхалық бүгінгі шекарашының бет-бейнесі, бұл қызметтің ерекшелігі, әскерилерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар, заң бұзушыларға қолданылатын шаралар жөнінде айтып өтті.
Оқушылар арнайы қызметтік иттерді көріп, кинологтың жұмысымен де танысты. Иттердің шекара бұзушыны ұстауы, түрлі кедергілерден өтуі жасөспірімдерді қатты қызықтырды. Оқушылар сондай-ақ шекарашы қаруыларына да қызыға қарады. Нақтылап айтқанда, бекет қызметкерлері «АК-74» автоматы, тапанша, дүрбі, шлем-маска, ГП-25 қаруларын таныстырды. Балалар оларды көріп қана қоймай, арнайы киімдерді киіп, қаруды бөлшектеп-жинады. Артынан бұл бағыттағы әскери оқу орны туралы бейнефильм оқушылар назарына ұсынылды.
Жас ұрпақты елжандылыққа, ерлікке, батылдыққа және Отанын қорғай білуге тәрбиелеуді мақсат еткен шарадан оқушылар үлкен әсермен оралды.
Жұбан МҰРАТ