1 қазанда жалпыұлттық халық санағының дәстүрлі кезеңі бастау алды. Осы орайда интервьюерлер мекенжайлар бойынша сауалнама жүргізіп, тіркеуді бастады. Солардың бірі – Кәмшат Жұмағалиева. Ол Орал қаласына қарасты Желаев ауылдық округіндегі өзіне бекітілген аумақ бойынша 185 үйді аралап, респондентерді сауалнамадан өткізіп, тіркеуді толықтай аяқтады.
Кәмшат Жұмағалиева бұған дейін, яғни 2009 жылы өткізілген санақ кезінде интервьюер ретінде жұмыс жасаған екен. Ол кезде санақ сауалнамалары бойынша деректер қағаз жүзінде толтырылса, биыл жаңашылдыққа сай енгізілген планшетті қолданып, тұрғындарды элекронды түрде тіркеді.
– Қыркүйек айында БҚО Статистика департаментінен әңгімелесуден өтіп, сауалнама жүргізу бойынша семинарға қатыстым. Содан соң интервьюер ретінде жұмысқа алындым. 1-19 қазан аралығында үй-үйлерді аралап тіркеу жасадым. Санақта 91 сұрақ бар. Бір үйде 5 адам болса, әрқайсысын тіркеп шығу ұзақ уақыт алады. Кейбір үйде шамамен 1,5 сағатқа дейін отырып қалатын кездер болды, – дейді Камшат Төлегенқызы.
Интервьюер 185 үйді аралап, 850 адамды тіркеуден өткізді. Осылайша, маңызды науқанның міндеттемесін 19 күнде жауапкершілікпен атқарып шықты.
Кәмшат ханым «Орал КҚЕО» ЖШС-да бақылаушы болып жасайды екен. Айтуынша, осы қызметі санақ жүргізуде оң ықпалын тигізген. 2018 жылдан бері газ бойынша есептеуіш көрсеткішін алу, түбіртек, ескертулер тарату мақсатымен мекенжайларды аралап жүретіндіктен, тұрғындармен жақсы таныс. Сол себепті әр үйге кіруде, тұрғындармен тілдесуде қиындықтар болмаған.
– Тұрғындар сеніммен қарады. Таңертең негізгі жұмысыма шыққанда, санақ мекенжайларын қоса араладым. Дегенмен, жұмыс уақыты болғандықтан, кейбірі үйлерінде болмады. Оларға телефон нөмірімді жазып, ескерту парағын калдырып кеттім. Жұмыстан келген соң, кешкі уақытта өздері хабарласып, сауалдарға жауап берді. Осындай кері байланыстың болуы уақытынан бұрын аяқтауыма да ықпал етті деп ойлаймын. Сонымен қатар халықтың бірқатары онлайн түрде өткен болатын. Оларды хабарлама нөмірімен ғана тексеріп өттім, – дейді Кәмшат Жұмағалиева.
Айта кетейік, Орал қаласы бойынша 154 азамат интервьюер ретінде қызмет атқаруда.
Томирис СҰЛТАН