Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қайырымдылық, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік, демеушілік сынды сипаттамамен қарауға болады. Осы ретте оралдық кәсіпкер Берік Әбілқасовтың жетекшілігіндегі «Адванс-маркет» тігін цехында есту-сөйлеу қабілеті бұзылған тұлғаларды жұмыспен қамтып отырғанын ерекше атап өту қажет.
Осы уақытқа дейін жалдамалы орында жұмыс жасаған «Адванс-маркет» жаңа тігін цехын ашты. Жаңа цехтың ашылуында қала әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев компанияның ерекшелігін атады.
– «Адванс-маркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өте белсенді және қаланың тыныс-тіршілігіне жауапкершілікпен қарайтын бизнес субъектілерінің бірі. Соның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысып, мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс жасауда. Қаламызда ұйымдастырылған шараларға да өздерінің үлестерін қосып келеді, – деген Е.Ғалиев ашылған цехтың өз брендін қалыптастырған үлкен кәсіпорынға айналуына тілектестігін білдірді.
Бес жыл бұрын кәсіпорынның іргесі қаланған сәтте кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуды алдына мақсат етіп қойған. Ойға алған мақсаты орындалды. Ал меншікті, кең, жаңа орынжайға көшуі одан да жоғары межелерді бағындыруға серпін берері сөзсіз.
– Жаңа нысанның аумағы 3000 шаршы метр. Еліміздің әр түкпірінен тапсырыс алып, мектеп формасынан бастап арнайы киімнің сан түрін тігеміз. Тұрақты клиенттеріміз де қалыптасты, – дейді кәсіп иесі Берік Әбілқасов.
Мұнда 25 адам жұмыс жасайды. Олардың 80 пайызы –мүмкіндігі шектеулі жандар. Сондай-ақ мұнда сөйлеу және есту қабілетінде ақауы бар жандардың өзгелермен түсінісіп, тілдесуі үшін арнайы сурдоаудармашы бар. Мүмкінідігі шектеулі Жамал Махметова бұл кәсіпорынға үш жыл бұрын орналасқан. Өзі ымдау тілімен жеткізгеніндей, мүмкіндігі шектеулілердің жұмыс табуы қиын. Алайда, оның жолы болды.
– Біз секілді жандарға жалақысы жақсы, тұрақты жұмыс орны табыла бермейді. Әрі қолайлы жағдайдың болуы екіталай. Ал бұл орын алғаш келгеннен көңіліме жақты. Өзім секілді жандармен араласып, бір-бірімізге қолдау көрсетіп жүреміз. Жаңа орын да бізге ұнады, – деді Жамал Махметова.
Аталмыш кәсіпорын бәсекелік ортадан өздерінің орындарын тауып, табыстарын еселеп отыр. Жыл өткен сайын тапсырыс берушілер артып келеді. Бұл – кәсіпорынның сапаға және тапсырыс берушілердің қойған талабына сай жұмыс жасап, сенімнен шыға білуінің нәтижесі. Алдағы уақытта өндіріс қуаттылығын арттыру көзделуде, қосымша жұмыс орындары да ашылады.
Томирис СҰЛТАН