Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Оралда 10 үйдің шатыры, 5 үйдің жеделсатысы жаңартылды

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында биыл Орал қаласындағы 15 үйде жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін 267 млн. теңге бөлінді. 10 үйдің шатыры жаңғыртылса, 5 үйдегі лифтті ауыстыру көзделген болатын. 

Оралда 10 үйдің шатыры, 5 үйдің жеделсатысы жаңартылды
Фото: Томирис СҰЛТАН

Бірнеше жылдан бері көпқабатты тұрғын үйлердің тозығы жеткен шатыры мен сынған жедел сатысын алмастыруда, кірберістерді жөндеуде «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын  жаңғырту» бағдарламасына деген сұраныс артып келеді.

Бағдарлама арқылы жөндеуден өтіп жатқан үйлердің  бірі – Гагарин көшесі, 36/2-үй. Бес қабатты тұрғын үй өткен ғасырдың 70 жылдарында салынған екен.  Уақыт өте төбесі тозған. Ал енді мемлекеттік бағдарлама арқылы жаңарған күйге келтірілуде. Мердігері – «ГНРМАШ» ЖШС. Компания басшысы Талғат Еділбаев жұмыстардың жобаға сай атқарылып жатқанын жеткізді.

 – Жөндеу жұмыстары басында 18 адам еңбек етуде. Желдету шахтасында жөндеу жүргізілді, профилист құрастырылымын орнату үшін бекіту жұмыстары жасалды. Төбе аумағы 2000 шаршы метрді құрайды. Қазіргі  уақытта жұмыстардың 90 пайызы аяқталды. Осы айдың соңына дейін тапсыратын боламыз,  – деді Талғат Еділбаев.

Жуков көшесі, 15/2 мекенжайындағы 9 қабатты тұрғын үйде жаңа жеделсаты жұмыс жасап тұр. Бұл да тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығн жаңғырту бағдарламасы арқылы жүзеге асырылған жұмыстардың нәтижесі. Биыл қалада бес үйдегі жеделсаты ауыстырылған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын «Әліби Лифт» жүзеге асырды. Жеделсатылар Беларуссиядан жеткізілген. Шығарушы зауыт тарапынан 1 жылдық кепілдік бар және құрылыс-монтаждаушы компания 3 жыл кепілдік береді.  

Орал қаласында 1246 көпқабатты тұрғын үй бар. 2011 жылдан басталған тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бағдарламасы арқылы 127-сі  жөндеуден өткен. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының операторы – «Орал құрылыс жөндеу сервис» ЖШС-ның  бас инженері Қыдырғали Жорасовтың айтуынша, келер жылы тағы 20 үйді жаңғыртудан өткізу жоспарлануда. 

Томирис СҰЛТАН