Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

ШҚО-да мемлекеттен субсидия алған шаруалар жанайқайын жеткізді

Ал ақшаны берген Ауыл шаруашылығын қолдау қорының қызметкерлері келісімшарт бойынша қаржы қайтарылуы керек деп кәсіпкерлерді сотқа беріпті. 

ШҚО-да мемлекеттен субсидия алған шаруалар жанайқайын жеткізді
фото: видеодан скриншот

Шенеуніктер Шығыс Қазақстан облысының шаруаларына "Сыбаға" бағдарламасымен берілген субсидияны қайтартып жатыр деп хабарлайды Paryz.kz, 31-телеарнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Бұған наразы кәсіпкерлер мемлекет көмекті бір қолымен беріп, екіншісімен тартып алып жатыр деп күйінеді. Ал ақшаны берген Ауыл шаруашылығын қолдау қорының қызметкерлері келісімшарт бойынша қаржы қайтарылуы керек деп кәсіпкерлерді сотқа беріпті. 

Субсидияны қайтаруға міндеттелген шаруалар Зайсан ауданында тұрады. Облыстағы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 2018 жылы сиырдың әр басына 225 мың теңгеден субсидия берген. Қазір сол ақшаны қайтаратын уақыты асып кеткен шаруалардың есеп-шоты бұғатталып, мүліктеріне тыйым салыныпты. Ал шаруа иелері болса беретін ақшамыз жоқ деп, қайтаруға түбегейлі қарсы.

Міне, 8 млн несие төлеуім керек. 16 млн теңгені ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына беруім керек. 1 жарым млн теңгені сот орындаушысына беруім керек. Ондай миллионер болсам, сіздерден қарыз алып нем бар? Несие алып нем бар?! – дейді ашынған кәсіпкер Айдос Нәбиев. 

Кәсіпкерлердің айтуынша, мемлекет ақшаны көмек үшін деп қайтарымсыз берген. Бірақ Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының қызметкерлері субсидия алынған мал басын арзандату үшін берілгенін айтты. Қайтаруы қажет екені де құжатта жазылған дейді.

Осыған байланысты шыққан сот шешімі бар. Олар ақшаны қайтарулары керек. Бірақ біз соған қарамастан екі жақты келісім жасап, бір мәмілеге келудің жолдарын қарастырып жатырмыз, – дейді ШҚО "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" директорының орынбасары Ержан Тұрысбеков. 

Қор қызметкерлері шаруа иелері субсидияны қайтару арқылы алған несиелерінің бір бөлігі жабылады дейді. Бұл да мемлекеттің берген мүмкіндігі деп түсіндірді. Ал мал баққан елдің кейбірі мұнымен келісіпті. Келіспегені төлейтін жағдайы жоқ екенін айтып әлі жүр. Бірақ сот шешімі шығып, заңдық күшіне еніп қойған.