СҚО-да аққу атқан браконьерлер ұсталды

Бұл - облыста биыл аққу аулауға қатысты тіркелген екінші дерек.

СҚО-да аққу атқан браконьерлер ұсталды
Фото: kazinform.kz

Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданында браконьерлер аққу атып ұсталды, деп хабарлады paryz.kz.

Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Бескөл аңшылық шаруашылығының қорықшысы Мамлют ауданында шетелдік көліктің жүксалғышынан аққу тапты. Бұл жайлы ол бірден полицияға хабарлады.

Мамлют ауданының Леденево елді мекенінің маңында табиғатты қорғаушының көзіне түспей, кетуге тырысқан «БМВ» автокөлігі ілігеді. Күдік расталып, көліктің жүксалғышынан басы кесілген аққу табылды.

"Оқиға орнына келген Мамлют ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері құстың денесін сараптамаға алды. Көлік жүргізушісі мен жолаушы мән-жай анықталғанша  полиция бөліміне жеткізілді. Заңсыз аң аулау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды", - деді Мамлют ауданының полиция бөлімінің бастығы Серік Әлжанов.

СҚО-да бұл биыл аққу аулауға қатысты тіркелген екінші дерек. Наурыз айында Петропавлдағы «Ромашка» саяжайына жақын маңнан екі сұңқылдақ аққудың денесі табылған еді. Елімізде бұл дала құсын аулауға тыйым салынған.