Прямая трансляция

Астана

Астана

6°C

Кітапхананың мүмкіндігі мол: Maker Space Oral шеберханасы ашылды

Орал қаласындағы Х.Есенжанов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Maker Space Oral» шеберханасы ашылды. Қазақстандағы АҚШ елшілігі мен «Шеврон» компаниясының біріккен жобасы жастардың бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік туғызбақ.

Кітапхананың мүмкіндігі мол: Maker Space Oral шеберханасы ашылды
Фото: Жұбан Мұрат

– 2015 жылы «Maker Space» шеберханасы Қазақстанда алғаш рет Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында ашылды. Бұл жоба ғылым, технология, инженерия, өнер және математика (STEAM) саласындағы қызметті кеңейтуге бағытталған. Жастарға әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуға және жоғары технологиялық ресурстарға, инновациялық бағдарламаларға, іскерлік байланыстарға, тәжірибелі тәлімгерлерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. 3D принтермен, робототехникамен, электроникамен, ғылыми тәжірибелермен, гаджеттермен, STEAM-ның басқа да заманауи құралдарымен жабдықталған зертхана есігі жастарға да, ересектерге де ашық. 20 жыл бұрын «Америка бұрышын» әлемнің түкпір-түкпірінде аша бастадық. Содан соң біз кітапхананың тек кітап оқитын орын емес, адамның өз-өзін басқа платформада дамытатын ордасына айналғанын түсіндік, – деді шеберхананың ашылу салтанатында АҚШ елшісінің кеңесшісі Кристиан Райт.

 «Maker Space Oral» шеберханасындағы курстар аптасына екі рет және тегін өткізіледі. Бұл жоба Орал қаласындағы техникалық бағыттың дамуына, жастарды шыңдауға септігін тигізеді. Осы шеберханада кейбір оқу орындарында жоқ техника бар. «Шеврон» компаниясы демеушілік еткен жобаның курстарына қатысушылар радиоэлектрониканы, бағдарламалау сынды кәсіптерді де үйренетін болады.

Жұбан МҰРАТ