Түркістанда халықаралық деңгейде бас және мойын қатерлі ісігі мәселесі талқыланды

13 қазанда Қазақстан онкологтары мен радиологтарының VIII съезі қарсаңында Түркістанда бас және мойын обырының  негізгі мәселелеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.

Түркістанда халықаралық деңгейде бас және мойын қатерлі ісігі мәселесі талқыланды

Отандық және шетелдік жетекші онколог-мамандар, сондай-ақ фармацевтика саласының өкілдері әлемдегі және Қазақстандағы онкологиялық аурулардың ағымдағы эпидемиологиялық жағдайын, сондай-ақ бас және мойын обырымен күресу үшін қажетті шараларды талқылады.

Баспасөз конференциясының негізгі тақырыптарының бірі - Сovid-19 пандемиясы жағдайында бас және мойын қатерлі ісігіне диагноздың кеш қойылуы мәселесі болды.

Өткен жылы Қазақстан аумағында бас және мойын обырымен сырқаттанудың 900-ден астам жаңа жағдайы тіркелді. Осы диагнозы бар науқастардың өлімінің негізгі себебі (2020 жылы ол 100 мың тұрғынға 2,5 жағдайды құрады) бұрынғысынша  диагноздың кеш қойылуы болып табылады, ол өз кезегінде халықтың қауіп факторлары мен аурудың белгілері туралы хабардар болу  деңгейінің төмен  екендігіне байланысты. Сондай-ақ, соңғы уақытта  жағдайды пандемия да ушықтырып отыр.

Статистикаға сәйкес, бас пен мойынның қатерлі ісіктері ерте сатысында анықталған пациенттердің 80% артынан сауығып кетеді.

"COVID-19 басқа ауруларды, оның ішінде бас пен мойын қатерлі ісігін ұмытуға себеп емес. Оның белгілері өзгеше болмағандықтан, әсіресе маусымдық респираторлық инфекциялар кезінде қауіпті, өйткені оларды қарапайым суықтап қалудың  белгілерімен шатастырып алу  оңай. Тілдің аурушаңдығы, ауызда ойық жаралардың жазылмауы, жұтыну  кезінде ауырсыну немесе қиналу, дауыстың тұрақты немесе үдемелі түрде қарлығуы, тамақтың біржақты ауыруы,  мұрынның бір жағының  бітелуі немесе мұрыннан қанды бөлінулердің болуы – егер жоғарыда аталған симптомдардың ең болмағанда біреуі 3 апта және одан көп уақыт бойы сақталса, бұл дәрігерге қаралуға себеп болуға тиіс. Сіздің денсаулығыңызға мұқият болыңыз және алғашқы дүрбелең көріністерде дереу медициналық көмекке жүгініңіз. Кешіктірмеңіз!", – деп атап өтті Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының (ҚазОРҒЗИ) басқарма төрағасы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Диляра Қайдарова.

Шетелдік мамандардың айтуынша, пандемия жағдайында, әсіресе басты назар жаңа сынақтарға аударылған кезде, мұндай жобалардың маңызы өте жоғары.

"Өкінішке орай, кейбір жағдайларда аурудың пайда болуының алдын алу мүмкін емес, бірақ  тиісті деңгейде сергек болу  және ерте диагностиканың дамуы адам жанын сақтап қалудың өзегі болмақ. Сондықтан Еуропалық бас және мойын қатерлі ісігін зерттеушілер қоғамы бірнеше жыл бойы ауруды, оның көріністерін және алғашқы мазасыздану  белгілері анықталғанда  не істеу қажеттілігі туралы  ақпараттандыруға бағытталған ауқымды Make Sense науқанын жүргізіп келеді. Біз осы жобаны көп жылдан бері қолдап келе жатқандары үшін қазақстандық әріптестерімізге алғысымызды білдіреміз және 7 жыл бірлескен жұмыс барысында сіздің  елдің  бас және мойын қатерлі ісігіне қарсы күресте үлкен жетістіктерге қол жеткізгеніне өте қуаныштымыз", – деді Еуропалық бас және мойын қатерлі ісігін зерттеушілер қоғамының (EHNS) президенті Войцех Голусински (Wojciech Golusinski).