Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Жаңаөзенде "КЕЗБИ" жұмысшылары ереуілді қайта бастады

Қазақстанда түрлі мекемелерде жұмысшылар жалақы өсіруді, жұмыс жағдайын жақсартуды талап етіп жиі ереуілдетеді.

Жаңаөзенде "КЕЗБИ" жұмысшылары ереуілді қайта бастады
фото: ашық дереккөз

Жаңаөзенде мұнай өндіруші "ӨзенМұнайГаз" компаниясының бұрғыларын жөндейтін "КЕЗБИ" мекемесі жұмысшыларының ереуілді қайта бастағаны хабарланды. 11 қазанда интернетте ондаған жұмысшының жұмысты тоқтатқаны жайлы видеомәлімдемесі жарияланды деп жазады Azattyq

Биыл шілде айында біз еңбек төрелігі шешімімен екіжақ келісімге қол қойдық. Сол жерде еңбегіміздің сыйақысы көрсетілген болатын. Алайда қыркүйек айының жалақысына қосылмаған. Сондықтан біз КЕЗБИ жұмысшылары болып, сол ереуілімізді қайталап отырмыз. 8 қазанда ереуілді қайта бастаған кезде қала әкімі және орынбасарлары жұмыс беруші тараптың өкілдері болып ортақ келісімге келіп, бірінші күні (11 қазан – ред.) шешілмеген мәселелерді орындайтынына уәде берген болатын. Алайда уәделерін орындаған жоқ. Қазіргі таңда біз өзіміздің наразылық акциямызды әрі қарай жалғастырамыз, - дейді жұмысшылар үндеуін оқып берген адамдардың бірі.

Азаттық тілшісі жұмысшылардың өздерімен сөйлесе алмады.

Оқи отырыңыз: Жаңаөзенде жұмысшылар ереуілге шықты

Ал "КЕЗБИ" компаниясының директоры Бітім Кезбаев мыңнан астам жұмысшысы бар компанияның жұмысты тоқтатқанын растады.

Заңсыз жұмысты тоқтатып отыр. Келіп, талаптарын айтып, комиссиямен қарауға болады ғой. Алдында жеті күн жатты. Әкімдік талаптарды орындаймыз деді. Енді солардан сұрасын. Мен жұмысын беріп отырмын. Айлығын беріп отырмын. Еңбек шарты бойынша көрсетілген нәрселерді орындап отырмын. Өткенде былай болған еді десе, соны шешкендерден сұрасын. Еңбек етпеген адамға сыйақы бола ма? Ешқандай табыс әкелмесе мен қалай төлеймін? Айлықты үкіметтің өзі елу пайызға көтеріп берген. Айлық жаман емес. Қазір жағдай күрделі, - дейді Бітім Кезбаев.

Шілде айында "КЕЗБИ" компаниясы жұмысшыларының бір аптаға созылған ереуілінен кейін тараптар келісімге келіп, жұмысшылар талаптарының ішінара орындалғанын айтқан еді.

"КЕЗБИ" жұмысшыларының Азаттыққа ұсынған Бітімгерлік комиссияның хаттамасында:

  • жалақы жұмысшылар талап еткендей жүз пайыз емес, 50 пайызға өсетіні;
  • жұмыс жоспары орындалса, 25-35 пайыз үстемақы берілетіні;
  • санаторийге, профилакторийге сауықтыру үшін 50 айлық есептік көрсеткішке тең (146 мың теңге) ақы, Мұнайшылар күні мен Тәуелсіздік күніне орай 30 АЕК (87500 теңге) төленетіні;
  • тиісті сертификаттаудан өткен құрал-жабдықпен қамтамасыз етілетіні айтылған.

Қазақстанда түрлі мекемелерде жұмысшылар жалақы өсіруді, жұмыс жағдайын жақсартуды талап етіп жиі ереуілдетеді. Елде ереуіл жұмысшылардың лайықты жалақы талап етіп, талабын орындататын негізгі әдіске айналды. Кейбір жұмысшылардың талабы ереуілден соң орындалады, кейбірі наразылық білдіргені үшін жұмыстан қуылады.

Сарапшылар елде ереуілдің жиілегеніне жұмыс беруші мен жұмысшы арасында көпір болатын тәуелсіз кәсіподақтың жоқтығымен байланыстырады.