ШҚО-да 58 оқушы коронавирус жұқтырды

Вирус Глубокое ауданында ең көп тіркелген.

ШҚО-да 58 оқушы коронавирус жұқтырды
Фото: livekuban.ru

Шығыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған оқушылардың саны артты, деп хабарлады paryz.kz.

"11 қазандағы соңғы мәліметтер бойынша, 58 оқушының коронавирус жұқтырғаны расталды. Олардың 34-і кезекші топқа барған, 24-і қашықтан оқыған", - деді Шығыс Қазақстан облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Оқушылар арасында індет жұқтырғандардың көбі Риддер және Алтай қаласында 11 адамнан тіркелген. Сондай-ақ, Глубокое ауданында 10 оқушы ауырып қалған. 

Өскеменде 8 бала жұқтырған, оның алтауы қашықтан оқыған. Семейдегі 7 баланың біреуі қашықтан оқыған. Курчатов қаласында инфекция жұқтырған 2 бала да кезекші топта болған.

"Егер аудандарды алып қарасақ, онда балалардың көбі Глубокое ауданында - 10 оқушы, Көкпектіде - 10 бала, сондай-ақ, Шемонаихада - 2 оқушы, Күршім және Қатон Қарағайда - бір баладан жұқтырған. Ауырып қалғандардың көбі қашықтан оқыған", - деді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.