Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тарту болған айрықша архитектуралық үлгідегі ғимараттың ашылуына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Е.Тоғжанов пен БҚО әкімі Ғ.Есқалиев қатысып, өңір жұртшылығын мәдениет нысанының ашылуымен құттықтады.
Шаһардағы жаңа ауданда – Тұңғыш Президент алаңында салынған өнер ордасы үш қабатты. Нысанның іргетасы 2019 жылдың маусымында құйылған болатын. Сәулетті ғимараттты салуға ҚПО б.в компаниясы есебінен 9 465, 254 млн. теңге жұмсалған. Құрылыс жұмыстарын «Альтаир» ЖШС жүргізді.
Рухани қазына орталығына айналар өнер ордасының ашылуында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов өңір халқын құттықтады.
– Елдің өсуі мен өнуі ең алдымен оның мәдениетімен тікелей байланысты. Осыдан төрт ай бұрын бұл орталықтың құрылыс жұмыстарын бағамдап кеткен едік. Бүгін көріп отырғанымыздай, алыстан қарағаннан-ақ жүректі баурап алатын үлкен мәдениет ордасы дүниеге келді. Тәуелсіздіктің арқасында салтымыз бен дәстүріміз де, еліміз де көтерілді десек артық айтқаным емес. Тәуелсіздіктің арқасында Батыс Қазақстанда осындай зәулім мәдениет ордасы бой көтерді. Осындай өнер ордаларының жұмыс жасауымен елдің рухы, халықтың намысы асқақтап, туымыз биікке желбірейді, – деді Ералы Лұқпанұлы.
Өнер ордасының лентасын ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстанның Еңбек Ері, скрипкашы Айман Мұсақожаева қиды.
Мәртебелі меймандарға ғимараттағы өнер бөлмелері таныстырылды. ҚР Күйшілер Одағының төрағасы Асқар Кенжеғалиев жүргізетін АҚШ-тағы балаларға онлайн домбыра үйрету сабағы, Нидерланд, Италия және Батыс Қазақстан қылқалам шеберлерінің көрмесі мен музей көрмесі көрсетілді. Бірінші қабат фойесінде қонақтарды скрипкашылар ансамблі орындаған шығарма ырғағымен бишілер құрамы Вена биімен қарсы алды. Өнер ордасының ашылуына арналған концерттік бағдарлама Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі орындаған Құрманғазының «Серперімен» ашылды. Облыс басшысы Ғали Есқалиев салтанатты жағдайда ашылған сәулет өнерінің тамаша туындысы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сый екенін атап өтті.
– Туған елімізде тұғырымыз берік, халқымыздың мәртебесі асқақтап тұруы үшін жаңадан салынған өнер ордасына «Атамекен» атауын бердік. Бұл атау өңірдің дамуына еңбегі сіңген зиялы қауым өкілдерінің ұсынысымен қойылды. Өнер шаңырағының Тұңғыш Президент алаңында бой көтеруінің символикалық мәні бар. Өйткені, киелі Тәуелсіздігімізді баянды етуге Елбасымыздың еңбегі ұшан-теңіз екені баршаға белгілі. Сән салтанаты келіскен өнер ордасы ұлтымыздың руханиятына қосылған тамшыдай болса да үлесіміз деп есептейміз. Руханиятқа салынған қаржыны болашаққа салынған кірпіш ретінде түсіну қажет. Мәселен, осыдан 20 жыл бұрын ел Тәуелсіздігінің 10 жылдыған орай Оралда бұрын-соңды болмаған сәулеттік үлгіде қазақ драма театры бой көтерді. Бүгінгі ашылған еңселі өнер ордасы сол ізгі бастаманың заңды мұрагері, – деді Ғали Нәжімеденұлы.
Айта кетейік, жаңа ғимараттың жалпы аумағы 19 901,17 шаршы метр. Төменгі қабатта автотұрақ орны, декорациялар шеберханасы мен ас блогының қоймалары бар. Бірінші қабатта 72 орындық кафе, кассалар, кезекшінің бөлмесі, әкімшілік кабинеттер, медициналық пункт, сахналық костюмдер қоймасы, киім ілу орны жасақталған. Екінші қабатта әкімшілік кабинеттер, экспозициялық және көрме залы, 50 және 25 адамға арналған мәжіліс залдары мен фуршет залы орналасқан. Үшінші қабат бірнеше кабинеттерден, әмбебап дайындық залы, 36 адамға арналған конференц-зал, гримм бөлмесі, костюм бөлмесі, сонымен қатар 30 орындық әртістерге арналған кафеден тұрады.
Томирис СҰЛТАН