Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Оралда жуырда екі жатақхана пайдалануға беріледі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың үшінші бастамасын іске асыру шеңберінде өткен жылы Орал қаласында Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі студенттері  үшін 144 орындық жатақхана пайдалануға берілген болатын. Қазіргі уақытта 2 жатақхананың құрылысы мен қайта жаңғырту жүргізілуде. ҚР Премьер-министрінің  орынбасары  Ералы Тоғжанов 8 қазан күнгі Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында жатақханалардың құрылысы жұмыстарын және «Жас маман» жобасының жүзеге асырылуын бағамдады.

Оралда жуырда екі жатақхана пайдалануға беріледі
Фото: Томирис Сұлтан

Өңірдегі 34 техникалық және кәсіптік оқу орындары 135 біліктілік, 71 мамандық бойынша мамандарды даярлайды. 16 мемлекеттік коллледжде жалпы 1884 орын болатын 17 жатақхана бар. Дегенмен тағы 470 орынға жатақхана қажет. Бүгінде «Орал трансформатор зауыты» АҚ Батыс Қазақстан индустриалды колледжі үшін 36 орындық жатақхана дайындау мақсатында ғимаратты жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Ал Орал политехникалық коллледжі  үшін 150 орындық жатақхана салынуда. 

БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев атап өткендей,  облыс орталығындағы бұл жатақхана құрылысы жақын уақытта  аяқталып, пайдалануға беріледі. Мұндағы бірінші қабатта буфет, медициналық пункт, жаттығу және акт залдары болады. 2-5 қабаттар аралығы әрқайсысы 4-6 орынға есептелген жатын орындар ретінде жасақталады. Оқу бөлмелері бөлек болмақ.

Сонымен қатар вице-премьер Ералы Тоғжанов «Жас маман» жобасының іске асырылу барысын назарға алды. Техникалық және кәсіптік білім беруде материалдық-техникалық базаны халықаралық стандарттар бойынша жабдықтау мақсатындағы «Жас маман» жобасы 2025 жылға дейін іске асырылатын болады. Жобаны іске асыруда 2020-2021 жылдарға арналған өңір экономикасы үшін 21 мамандық бойынша 10 колледж анықталған. Былтыр Орал политехникалық колледжі, Жоғары аграрлық-техникалық колледжі, Жәнібек, Жаңақала колледждері үшін республикалық бюджет есебінен 1, 293 млрд. теңге  бөлініп, қажетті  жабдықтар алынса, биыл «Сервис» Орал технологиялық колледжі, А.Иманов атындағы жол-көлік  колледжі, Орал ақпараттық технологиялар колледжі мен Шыңғырлау, Ақсай, Ақжайық колледждеріне жабдықтар алуға 1 млрд. 703 млн. теңге бағытталған.

Сонымен қатар Ералы Тоғжанов болашақ құрылысшылармен тілдесті. Құрылыс саласы мамандығы бойынша білім алушылардың алдағы мақсаттарын тыңдады.  Сондай-ақ істерінің оңға басуын тіледі.

Томирис СҰЛТАН