2019 жылдан бастап, яғни ҚР Қылмыстық кодексіне өзгеріс енгізілгеннен кейін елімізде қылмыс, соның ішінде ұрлық дерегі біртіндеп азая бастады. Пәтер ұрлығы ауыр қылмыстар санатына өтті. Соған сәйкес үй тонау дерегі Орал қаласында да бәсеңдеп отыр.
Орал қалалық полиция басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, былтырғы тоғыз айда пәтер ұрлығына қатысты 115 дерек тіркеліп, оның 61-і ашылса, биылғы тоғыз ай ішінде бұл көрсеткіш 106-ны құрап, оның елу пайызы ашылған екен.
Мамандар енді ұрылық-қарлық өршімейтініне сеніммен қарап отыр. Бұрын бөтеннің мүлкін жымқырғандар жәбірленушімен татуласып,келтірген шығынды өтесе, аталмыш кодекстің 68-бабының негізінде қылмыстық жауаптан босатылатын. Орал қалалық полиция басқармасының төргеу бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Михаил Скоробогатовтың сөзіне қарағанда, жаңа заңда мұндай рақымшылық шектелді. Енді күдікті жәбірленушімен тек бір рет татуласып, жауапкершіліктен құтыла алады. Ал егер екінші қайтара ұрлық жасаса, міндетті түрде сотталып, үкім бойынша жазасын арқалайды. Енді бірнеше рет жасалған ұрлық үшін 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе мүлкін тәркілей отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылуда. Әйтпесе, бұрын жөнді жазасын алмаған соң баукеспелер бұрынғы «кәсібін» жалғастыра беретін.
Тіпті Оралда бір адамның 10 шақты қылмыс жасаған дерегі тіркелген. Ол өз кезегінде қылмыстың өсуіне алып келді. Енді үйге, қызметтік орынға және көлікке заңсыз кіріп, ұрлық жасаса, ол ауыр қылмысқа барды деп бағаланады. Яғни біреудің үйіне рұқсатсыз кіргеннің өзі қылмысты ауырлататын жайт болып отыр. Мұндай әдіспен жасалған ұрлық үшін 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге соттау жазасы қарастырылған. Бұрынғы заңда 6 айдан 5 жылға дейінгі мерзім еді.
Жұбан МҰРАТ