Бүгін, 8 қазан күні БҚО-ға жұмыс сапарымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған министрлік өкілдері келді. Олар өңірдегі медицналық мекемелер мен білім нысандарында болып, тынысымен танысты.
Министрлік өкілдеріне Орал қаласы Меловые горки елдімекеніндегі №18 орта мектептің құрылыс жұмысы таныстырылды. Жаңа білім ұясының салынуы елдімекендегі үшауысымды оқытуды жоюға мүмкіндік бермек.
Мектеп құрылысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында осы жылдың маусымында басталған болатын. Құрылысқа 1.2 млрд. теңге бөлінген. Мердігер мекеме – «Альтаир» ЖШС. Құрылыстың аяқталуы жоба бойынша 2022 жылдың ІІ тоқсаны. Десек те мердігерлердің қарқынды жұмыс жүргізуінің нәтижесінде 300 орындық нысанның осы жылдың соңына дейін аяқталуы күтілуде.
Жаңа ғимараттың пайдалануға берілуімен қазіргі уақытта 1988 жылы салынған 60 орындық мектеп ғимаратында үш ауысыммен білім алып жатқан 276 оқушы көшірілетін болады. Сондай-ақ бұл ғимараттың пайдалануға берілуі елдімекенде мектепке дейінгі жастағы балғындарды мектепке дейінгі ұйыммен қамту мәселесінің шешілуіне оң ықпал етпек.
БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев мәлім еткендей, облыста қазіргі уақытта 4 үшауысымды және 8 апатты жағдайдағы мектеп бар. Мәселелерді шешу үшін 10 мектептің құрылысы жүргізілуде.
Жуырда облыс орталығындағы №33 мектеп ғимараты пайдалануға беріледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 1000 мектеп салу туралы тапсырмасына орай облыста 81 мектеп салу міндеті тұр. Оның 51-і шағын комплектілі болса, 20 мектеп 300-ден астамға орынға есептеледі. Сонымен қатар жеке инвесторлар есебінен 10 мектеп жоспарланған.
Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған құрам жұмыс сапары аясында «Шабыт» балалар шығармашылығы орталығында болып, жаңа орталықтағы балалардың қосымша біліммен қамтылу жайына назар аударды.
Томирис СҰЛТАН