Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Жеке сот орындаушылар абыройсыз жұмыстан бас тартып жатыр (ВИДЕО)

Қазіргі таңда Алматы қаласында 215 атқару өндірісі бар екен. Яғни, екі жүзден астам отбасын үйінен мәжбүрлеп шығарулары тиіс. 

Жеке сот орындаушылар абыройсыз жұмыстан бас тартып жатыр (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Үйдің заңды иесі бола тұра оған кіре алмай жүрмін. Онда тұрып жатқандар босатудан бас тартуда. Осылай деп жеке үй сатып алған азамат шағымданды. Қолында заңды соттың шешімі бар. Соттың ұйғарымын орындаудан жеке сот орындаушылар бас тартып жатыр деп хабарлайды Paryz.kz, "Еуразия" бірінші телеарнасына сілтеме жасап.

Аян Жұмағалиұлы жарнама арқылы осы шағын үйі бар жер телімін наурыз айының басында сатып алыпты. Қолында Алатау аудандық және қалалық соттың үйде тұрып жатқандарды шығару туралы шешімі бар. Құжат бойынша учаскеде шағын үй мен бақша деп көрсетілген. "Алайда баспананың бұрынғы иелері жапсарластырып үйлер салып, жалға беріп, мені қарызға белшеден батыруда" деп зар илеуде. Коммуналдық ақының бәрі өз атына келе бергендіктен газ бен электр энергиясын қидырып тастапты. Алайда ебін тапқан бұрынғы иесі жарықты қайта қостырып алған. Бірақ үйді босатуға асығар емес.

Заңсыз салынған үйлерге кіргізген. Осы жерде менің мүлкімнен заңсыз пайда тауып жатыр. Светті заңсыз қосқан. Мына мусордың бәріне қарыз 200 мың асып тұр. Менің құқымды кім қорғайды? Менің бала-шағам бар. Мысалы, олар 70 шақырымнан келіп оқып жүр. Біреуі бір ай болды сабаққа бармай жүргеніне. Неге десеңіз қай жерде түрамын. Жалғы үйдегі асыраушы менмін, - дейді үй иесі Аян Жұмағалиұлы.

Ал Алтынай Омашева мұнда 2009 жылдан бері тұрып жатыр екен. Жер телімінің бұрынғы иесі "егер банк алдындағы қарызымды өтеп берсең оны аттарыңа аударып беремін" деп уәде берген екен. Оған имандай сенгендіктен 10 жыл бойы берешегін төлеп келген. Одан бөлек газ, электр қуаты, ауыз судың ақшасын жауып отырдық дейді. Енді өз аттарына рәсімдемек болғанда жаңа қожайыны пайда болғанына қапалы.

Он жылдан кейін келіп тұр адамдар біз бұл үйді сатып алдық деп. Қалай сатып алады? Біз банкті төлеп біткен жоқпыз. Қалған 2,5 миллилоны қалған. Біз 10 миллионын, 10,5 миллионын төледік. Чектің бәрі қолымызда бар. Осы жердің светіне қарыз болған, миллион сегіз жүз мың, чегімен бар олардың барлығы да, - дейді қала тұрғыны Алтынай Омашева.

Ал жеке сот орындаушылары "Ақбұлақтағы" қырғыннан кейін сот шешімі шыққан ғимараттарды сүру, берешек отбасыны мәжбүрлеп үйінен шығару сынды істерден бас тартып отырғандарын жеткізді. Қазіргі таңда Алматы қаласында 215 атқару өндірісі бар екен. Яғни, екі жүзден астам отбасын үйінен мәжбүрлеп шығарулары тиіс. Бірақ жылу беру маусымының басталуына орай мұндай санаттағы істер уақытша тоқтатылыпты.

Соңғы уақыттарда жеке сот орындаушыларға дөрекі сөйлеп, соғу, жаңағы жұмыстарын атқаруға кедергілер көп болып жатыр. Сондықтан біз жеке сот орындаушылардан осы үйден шығару мәселелері бойынша атқару өндірістерін, соттың шешімдерін осы мемлекеттік сот орындаушылар айналыссын деген ұсынысымызды бердік, - дейді Алматы қаласы бойынша Жеке сот орындаушылар палатасы басшысының орынбасары Руслан Исаев.

Ал Алғабастағы үйде тұрып жатқан отбасы мен пәтер жалдаушылар қыстың көзі қырауда болғандықтан ешқайда кетпейміз деп отыр. Ал үйдің заңды иесі сот шешімі бар болғанымен, оны жүзеге асыратын сот орындаушылар бас тартқандықтан енді кімнен көмек сұрайтынын білмей дал болып жүр.