Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Түркістанда 23 жастағы көпбалалы ана балаларын бағудан қиналып отыр

"Үшем туғалы, ботқа мен памперске көп ақша жұмсалып жатыр. Мемлекеттен әлі жәрдемақы алған жоқпын", - дейді ол.

Түркістанда 23 жастағы көпбалалы ана балаларын бағудан қиналып отыр
фото: ТО әкімдігінің баспасөз қызметі

Түркістан облысының әкімдігі 23 жастағы келіншектің үшем босанып, 6 баланың анасы атанғанын сүйіншілеген еді. Дербісек ауылында тұратын сол көпбалалы ана Еркінай Есенбаева Sputnik-ке сұхбат беріпті, деп хабарлады paryz.kz.

Сұхбатынан сәл үзінді келтірсек, Еркінай көрші Өзбекстанның қазағы екен. Ата-анасы, ағайын-бауырлары сол жақта тұрады. Өзінің азан шақырып қойған есімі – Жарқынай.

"Менің шын атым – Жарқынай. Мен дүниеге келгенде, куәлік алуға әкем барған екен. Қызымның атын Жарқынай қойдым дейді ғой, сөйтсе, өзбектер тілі келмей, түсінбей, Еркінай деп жазып жіберген. Сөйтіп, куәлік бойынша Еркінай атанып кеттім. Ал отбасым, құрбы-құрдастарым – бәрі Жарқынай дейді. Кеше босанғаннан кейін де достарым хабарласып, "сені интернетте көрдік, неге атыңды Еркінай деп жазған?" деп сұрап жатыр", - дейді ол.

Еркінай 30 жастағы жұбайы Нұрсұлтанмен Қазақстанға қыдырып келгенде танысқан. Нұрсұлтан болашақ жарын бір көргеннен ұнатып, көп ойланбай алып қашыпты. Қазір тұңғыш қыздары 2015 жылы дүниеге келген. Араға екі жыл салып, тағы қыз босанды. 2018 жылы ерлі-зайыпты ұл сүйді. Ал жуырда жас келіншек бірден үшем туып, 6 баланың анасы атанды.

"Дәрігер үшемге аяғым ауыр екенін айтқанда, мүлде сенген жоқпын. Біртүрлі сезімде болдым. Не жыларымды, не күлерімді білмей, сыртқа шықтым. Іле-шала күйеуіме хабарластым. Ол да "қойшы, өтірік айтып жатырсың" деп сенбеді. Ата-енем болса, бұл жаңалыққа қуанды, әрине. Уақыт өткен сайын қиыншылықтар көбейді. Үш баланы құрсағыңда 9 ай көтеріп жүру оңай емес екен. Біраз қиналдым", - деп еске алды ол.

Еркінай 23 жасында көпбалалы ана атанғанына қуанады. Болашақта дені сау болса, әлі де сәби сүйгісі келеді. Тіпті, бала асырап алуға да қарсы емес. Айтуынша, күйеуінің тұрақты жұмысы жоқ. Бір шаңырақтың астында тұратын үш отбасы диқаншылықпен айналысып күн көреді.

"Егін егеміз, жылыжайымыз бар. Жиналған өнімді ауданға, қалаға апарып сатамыз. Нәпақымызды солай тауып отырмыз. Үшем туғалы, ботқа мен памперске көп ақша жұмсалып жатыр. Мемлекеттен әлі жәрдемақы алған жоқпын. Оған құжат жинап, "ЦОН"-ға бару керек қой. Қазір күзгі жиын-терім, жұбайымның қолы бос емес. Мен болсам, ешқайда шыға алмаймын. Осындайда жәрдемақыны алу үшін жеңілдіктер жасалса деп ойлайсың. Тым болмаса, егіз, үшем туғандарға көмек көрсетсе. Әкімдіктен де құттықтап келгендер болмады. Үш баланы бағу маған қиынға соғып жатыр. Үкімет тарапынан сәбилерге күндіз қарайласатын бала күтуші жіберілсе, нұр үстіне нұр болар еді", - дейді Еркінай.