Орал қаласындағы «Менің Отаным – қазақ елі» атты зияткерлік байқауы өтті. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шарада өзге ұлт өкілі болып табылатын студент жастар команда құрып сынға түсті.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңіту, тіл мәдениетін көтеру, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарын ынталандыру мақсатындағы сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Орал қаласындағы оқу орындарының студенттерінен құралған 6 команда әуелі үй тапсырмасын орындау бойынша додаға түсті. Яғни олар «Тәуелсіздік – тұғырым!» тақырыбында өздерін бейнеролик арқылы таныстырды. «Ойтаным» аталымы аясында жазып келген эсселерін әділқазылар алқасы бағалады. Содан соң болған «Елтаным», «Сөзжұмбақ», «Сөзмерген», «Шабыт жұлдызы» атты кезеңдері де тартысты өтті.
Нәтижесінде М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың студенттерінен құралған «Бірлік» тобы үздік деп танылып, арнайы диплом мен 60 мың теңгенің серификатын иеленді. «Бөрлі жастары» мен «Тіл жанашырларына» 2-орын бұйырып, 40 мың теңгенің сертификаттарын алды. ҚазИИТУ студентерінен құралған «Тәуелсіздік ұландары» және М.Өтемісов атындағы БҚУ студенттерінен жасақталған «Тіл мұра» топтары үштікті түйіндеп, 30 мың теңгені еншіледі.
Мұрат ЖҰБАН