Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Орал саябағындағы велосипед жолының авторына ескерткіш тақта қойылды

Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағының оң жағалауында БҚО велосипед спорты  федерациясының президенті, велосипед және шаңғы спортынан КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген бапкері Асқар Шораевқа арналған алаң ашылып, тақтатас орнатылды. Салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев қатысып, жаңа алаң қалалықтар мен қала қонақтары үшін демалатын жайлы орынға айналатынына сенiмін білдірді.

Орал саябағындағы велосипед жолының авторына ескерткіш тақта қойылды
Фото: Томирис Сұлтан

Саябақтың оң  жағалауында бұл тақтатастың орнатылуы тегін емес. Өйткені осыдан 4 жыл бұрын ашылған велосипед жолының салынуына бастамашы болған Асқар Шораев болатын. Алаңның салтанатты ашылуында қала әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев Асқар Ишанұлының жастарды қолдап, спортқа балудағы және өңірдегі спорт саласының дамуына қосқан үлесіне алғысын айтты. Ардагерге құрметпен шапан жауып, қала әкімінің арнайы алғыс хатын табыс етті.

Асқар Шоревтың айтуынша, бұл аумақты игі іске  пайдалану идеясы 2012 жылы ойына келген. Көп ұзартпай өңір басшылығына ұсынысын айтып, бастама қолдау тапты.

– Ұзақ жылдар Теміртауда еңбек еттім. 2005 жылы  елге келген соң, туған жерімде де жұртшылық үшін пайдалы жақсы ізім қалуы керек деген ой болды. Бір қыста осы маңды шаңғымен жүріп өттім. Өзімше зерделеп шықтым. Сол кездегі облыс басшысы Нұрлан Асқарұлына арнайы барып, идеяммен бөлістім, – деп еске алды Асқар Ишанұлы.

Идея негізінде жоба жасалып, «ҚПО б.в» компаниясының қаржыландыруымен мердігер «Марасант» ЖШС жол құрылысын жүргізді. Осылайша, 41 гектарлық аумақ игеріліп, жалпы ұзындығы ұзындығы – 2,7 шақырымдық велосипед жолы салынды. Оның 400 метрі – балаларға арналған шағын айналым жолы. Жаңа орында афальтты-бетонмен жабылған 800 метр қашықтықты қамтитын автокөлік жолы да дайындалды. Жол бойы арнайы сызықтармен екшеленіп, белгілер таңбаланды. Велосипед жолының ашылуы Елбасының 2020 жылға дейін бұқаралық спортпен айналысушылардың қатарын 30 пайызға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындауға серпін бергенін атап өткен жөн. Сол уақыттан бері бұл аумақ спортпен айналысушылар үшін  жайлы орынға айналды. Жыл бойы  көпшілік жарыстар өткізіліп келеді. Қазіргі уақытта өңір халқының 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысушылардың қатарында. Оның ішінде велосипедшілер де күн санап көбейіп келеді.

Салтанатты ашылу қалалық дене шынықтыру және  спорт бөлімі ұйымдастырған жас спортшылардың веложарысымен жалғасты.

 Томирис СҰЛТАН