Оралда ас атасының құны 10-20 теңгеге өсті. Бұл жоғары сұрыпты ұн бағасының өсуімен байланысты болып отыр. Ал жергілікті атқарушы орган тарапынан әлеуметтік маңызы бар азы-тлік қатарындағы бірінші сұрыпты нан бағасын сол күйінде сақтап қалудың жолдарын қарастыруда. Осы ретте қалалық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі бағаны тұрақтандыру мақсатында күнделікті әлеуметтік дүкендер мен сауда желісіне мониторинг жүргізуді қолға алды.
Қазір қалада 7 наубайхана нан пісіреді. Негізгі нанмен қамтушы – Желаев нан комбинаты бағаны 150 теңгеге көтерген. Ал тасымалдаушылар және 10 теңге қосып, дүкендерде жоғары сұрыпты нан 160 теңгеден сатылуда. Желаев нан» наубайханасының қожайыны Олег Талецкий қамбадағы астық қоры таусылғанын айтып, жағдайдың күрделі екенін жеткізді.
– Биыл егін аз болды. Сол себепті қазіргі таңда жоғары сұрыпты нан бағасын 15 теңгеге қымбаттаттық. Бұрын 135 теңгеден сатылса, қазір 150 теңгеге жетті. Сондай-ақ екінші сұрыпты ұн бағасы 9 теңгеге көтерілді, яғни бағасы 119 теңге болды. Ұнды ең соңғы рет келісін өзіміз 187 теңгеден сатып алдық, – дейді Олег Талецкий.
Қалалық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жалғас Ғұмаровтың айтуынша, әлеуметтік тауар болып белгіленген бірінші сұрыпты нан бағасы 80 теңгеден аспайды.
– Бүгінде облыс, қала басшылығының ұйымдастыруымен бірқатар жиындар өтіп, нан өндіруші мекемелермен әлеуметтік нан бағасы 80 теңге болып белгіленді. Қолдау ретінде аталған мекемелерге қаражат қарастырылды. Одан бөлек әлеуметтік ұн өндіруші мекемелерге қосымша астық сатып алу жайы қарастырылуда. Қаладағы 7 нан өндіруші наубайханада тәулігіне 35 мыңнан аса бөлке нан пісіріледі. Оның 22 пайызы, яғни 7 мың нан бірінші сұрыпты ұннан дайындалады, – дейді жергілікті атқарушы орган өкілі.
Жалпы келісімге сәйкес, әлеуметтік нанның бағасы 80 теңге болып белгіленді.
Томирис СҰЛТАН