Санитарлық-экологиялық айлық аясында оралдықтар ағаш отырғызу шарасына жұмылды.
Айлық аясында кәсіпкерлер тарапынан қалаға тарту ретінде 4 мыңға жуық ағаш табысталған. Осылайша, Д.Қонаев тынымбағына, Жұбан алаңына, шағынаудандар мен кенттер аумағына және көшелер бойына тал-теректер егілді. Сонымен қатар қалалық көпбейінді аурухана ұжымы мен жеке кәсіпкерлік нысандары өздерінің аумақтарына көшеттерді түптендірді.
Мәселен, Деркөл кентінде 400-ге жуық ағаш отырғызылды. Ал Зашаған кентіндегі М.Мөңкеұлы көшесі, 107/1 үйдің тұрғындары аулаға 15 түп терек пен 18 барбарис ағашын екті. Бұл үйде «Дружный дом» серіктестігі құрылған. Атына заты сай үйдің тұрғындары осындай игі шаралар көршілер бірлігін нығайта түсетінін айтады. Дәл осындай экологиялық шара «Айлан Сервис» пәтер иелері кооперативінің ұйымдастыруымен Бірлік көшесі, 7, 7/1, 11-үйлердің аулаларында да жүргізілді.
Бұдан бөлек «Сбербанк» АҚ ЕБ ұжымы «Лепесток» тынымбағына шырша отырғызды. Бұл — аталған банктің Қазақстандағы жұмысының 15 жылдығына орай Орал қаласына тартуы болып отыр.
Томирис СҰЛТАН